STEPPENEWS.KZ: Алматы музейі мен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музей қоры бірлесе ұйымдастырған «Ғасыр жасаған ұлт театры» атты көрме өтті. Тағылымды мәдени жоба қазақ театр өнерінің ғасырлық тарихын, сахна өнерінің қалыптасу кезеңдері мен ұлт руханиятына қызмет еткен көрнекті тұлғалардың шығармашылық жолын кеңінен танытты.

Көрме экспозициясында театр тарихынан сыр шертетін бірегей архивтік материалдар, фотосуреттер, құжаттар мен құнды жәдігерлер көрермен назарына ұсынылды. Ұлт театрының өткені мен бүгінін сабақтастырған бұл жоба мәдени мұраны дәріптеуге, рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталды.
2026 жылғы 30 қаңтар күні Алматы қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдығына орай «Ғасыр жасаған ұлт театры» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Көрмеде Алматы музейі мен М. Әуезов атындағы Ұлттық драма театры музейінің қорларынан алынған құнды жәдігерлер көпшілікке ұсынылды.

Экспозицияға 1940 жылдардан бүгінгі күнге дейінгі спектакль афишалары, театр тарихына қатысты архивтік құжаттар мен фотоматериалдар, сондай-ақ көрнекті театр майталмандарының сахналық костюмдері қойылды. Атап айтқанда, А. Молдабековтің «Ваня аға» спектакліндегі, Ш. Жандарбекованың «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымындағы, З. Шәріпованың «Отелло» спектаклінде Дездемона рөлінде киген, сондай-ақ Т. Жаманқұловтың Абылай хан бейнесіндегі сахналық киімдері көрме экспозициясынан орын алды.

Көрменің негізгі мақсаты – ғасырлық тарихы бар ұлт театрының шығармашылық жолын кеңінен насихаттау, көрерменге қазақ театр өнерінің даму үдерісін таныстыру және жас ұрпақтың рухани-мәдени құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру болды.
Көрменің салтанатты ашылуына Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілдері, шығармашылық интеллигенция, өнер қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Көрме ақпан айының соңына дейін жалғасады.

