«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығының ғалымдары Ресей мемлекеттік кітапханасынан Қожа Ахмет Ясауидің тариқаты мен рухани іліміне қатысты XVII ғасырда жазылған сирек қолжазбаны анықтады деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Ғылыми зерттеу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жан-жақты зерделеу және кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасы, сондай-ақ Үкімет бекіткен Ясауитану саласын дамыту жоспары аясында жүргізіліп жатыр.
«Хужжат әз-Закирин ли-радд әл-Мункирин» («Зікірді терістеушілерге қарсы зікір етушілердің дәлелі») атты еңбек Мәскеуге ұйымдастырылған ғылыми экспедиция барысында табылған. Бұхарада жазылған бұл туынды Ясауи мектебінің тарихы мен рухани дәстүрін зерттеудегі маңызды жазба дереккөздердің бірі саналады.
Қолжазбада сопылық ілім, жария зікір дәстүрі және рухани сабақтастық мәселелері баяндалған. Сонымен қатар еңбекте Қожа Ахмет Ясауиден, Хакім ата мен Зеңгі атадан бастау алатын және тариқаттың кейінгі өкілдеріне жалғасқан рухани шежіреге қатысты құнды мәліметтер қамтылған.
Қазіргі таңда мамандар қолжазбаның ғылыми сипаттамасын әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта оның мәтіні белгілі нұсқалармен салыстырылып, мәтінтанулық талдау жүргізіледі. Зерттеу нәтижелері ғылыми айналымға енгізілмек.
