STEPPENEWS.KZ: Алматы хайуанаттар бағы сирек кездесетін жануарлармен толықты. Енді келушілер Сальвадор кесірткесін көре алады. Бұл бауырымен жорғалаушының табиғи мекені — Жаңа Гвинея аралы. Табиғатта ол әлемнің басқа өңірлерінде кездеспейді.
Сальвадор кесірткесі (Varanus salvadorii) кей елдерде артеллия, кабарагойя немесе «қолтырауын кесірткесі» деп те аталады. Ол ірі денесімен, ұзын әрі қуатты құйрығымен және қолтырауын терісіне ұқсайтын ерекше қабыршақты терісімен ерекшеленеді.
Жасы оннан асқан екі кесіртке Индонезиядан жеткізілген. Қазір олар жаңа ортаға бейімделіп үлгерген.
«Бауырымен жорғалаушылар зообағымызда өздерін жақсы сезініп жүр. Олар табиғи мекеніне барынша ұқсатып жабдықталған террариумды зерттеп жатыр. Мұнда жоғары температура мен ылғалдылық сақталады. Кесірткелер осы жерде өсіп-өніп, ұзақ әрі белсенді өмір сүреді деп сенеміз», – деді «Экзотариум» бөлімінің жетекшісі, герпетолог Александр Гурнев.
Келушілер бұл ерекше жануарларды Алматы хайуанаттар бағының «Экзотариум» бөлімінен көре алады. Сонымен қатар олардың екі айыр тілінің көмегімен жемін қалай табатынын бақылауға мүмкіндік бар.

