STEPPENEWS.KZ: Салық жүйесіндегі өзгерістер жұмыс істеп тұрған бизнесті қалай қайта қалыптастырады? Бұл сұраққа Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Айгерім Ільясова жан-жақты жауап берді.
«Салық кодексіндегі өзгерістер ірі де, шағын да барлық бизнеске әсер етеді. Ең маңызды жаңалықтардың қатарында қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің өсуі, шағын бизнеске арналған арнайы салық режимдеріндегі өзгерістер, сондай-ақ жеңілдетілген декларация бойынша жұмыс істейтіндер үшін шегерімдерге тыйым салыну бар», — дейді сарапшы.
Айгерім Ільясованың айтуынша, ірі бизнес үшін ең негізгі әсер — жеңілдетілген декларациямен жұмыс істейтін жеткізушілерден жасалған сатып алулар бойынша шығындарды шегеруге тыйым салынуы. Бұл жағдайда компаниялар жеткізушілер базасын толық қайта қарауға мәжбүр. Таңдау үш түрлі:
— жеткізушіні ауыстыру;
— оны жалпыға бірдей салық режиміне көшуге көндіру;
— немесе корпоративтік табыс салығының (КТС) өсу жүктемесін өз мойнына алу.
Алайда ірі бизнес үшін «аман қалу» мәселесі күн тәртібінде тұр деп айту қиын. ҚҚС-тың өсуі де, негізінен, бизнестің өзіне емес, соңғы тұтынушыға жүктеледі.
Ал B2B секторы (бизнес-бизнеске) үшін, яғни заңды тұлғалармен жұмыс істейтін шағын бизнеске жағдай мүлде басқаша. Заңды тұлғалармен ынтымақтастықты жалғастыру үшін шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей салық режиміне өтуге мәжбүр болады. Бұл — толық бухгалтерлік есеп жүргізу үшін бухгалтер жалдау, жылдық айналымы 43 млн теңгеден асқан жағдайда ҚҚС бойынша тіркелу, электронды шот-фактуралар жазу, сондай-ақ жеңілдетілген режимдегі айналымнан алынатын 3% салықтың орнына таза пайдадан 10% КТС (ЖШС үшін — 20%) төлеу деген сөз.
«Дегенмен, салықтық жағдайы жақсарған бизнес санаты да бар», — деп атап өтеді Айгерім Ільясова.
Бұл — B2C секторы, яғни халықпен тікелей жұмыс істейтін шағын бизнес.
Бұл санат үшін жеңілдетілген декларация негізіндегі режимді қолдану шегі айтарлықтай кеңейтілді. Бұрын жарты жылда 94,5 млн теңге болса, енді жылына 2,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. ҚҚС бойынша тіркелу шегі алынып тасталды, қызметкерлер санына қойылатын шектеу де жойылды.
Салықтың стандартты мөлшерлемесі 3%-дан 4%-ға өсті. Алайда мәслихаттарға бұл мөлшерлемені төмендету құқығы берілді. Қазірдің өзінде көптеген өңірлерде салық мөлшерлемесі 2%-ға дейін төмендеген, ал Алматы мен Астанада — 3%. Бұл санатқа үй маңындағы дүкендер, сұлулық салондары, оқу орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, автосервистер (ТБС) және өзге де көптеген шағын бизнес түрлері кіреді.
Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін де қолайлы жағдай жасалған. Олар тек әлеуметтік төлемдерді ғана төлейді және есеп бермейді.

