13–15 тамыз аралығында Ақмола облысында SHAIQAS 2026 әскери-инженерлік чемпионаты өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен инженерлер, әзірлеушілер, әскери қызметшілер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, өздерінің технологиялық және инженерлік әзірлемелерін сынақтан өткізді, деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
20 үздік команда финалда бақ сынады
Биыл чемпионатқа Қазақстанның барлық өңірінен 100-ден астам команда қатысуға өтінім берген. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша үздік 20 команда финалға жолдама алды. Қатысушылар өз жобаларын таныстырып қана қоймай, әскери полигон аумағында практикалық сынақтардан өтті.
Финалға Nazarbayev University, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Woosong University Kazakhstan, ALT University, SDU University және басқа да жоғары оқу орындарының студенттік командалары қатысты.

Студенттер қандай әзірлемелер ұсынды?
Студенттер робототехника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, автономды жерүсті платформалары, бағдарламалау, цифрлық технологиялар және киберқауіпсіздік бағыттарындағы жобаларын ұсынды.
Жобалардың қатарында мобильді роботтандырылған платформалар, қауіпті аймақтардан адамдарды эвакуациялауға арналған технологиялар, түрлі мақсаттағы ұшқышсыз ұшу аппараттары және басқа да инженерлік шешімдер болды.
Жобалар әскери полигонда сынақтан өтті
Чемпионаттың басты ерекшеліктерінің бірі – студенттердің әзірлемелерін зертхана немесе оқу полигонымен шектелмей, практикалық қолдануға барынша жақын жағдайда сынақтан өткізу мүмкіндігі.
Қатысушылар әуе және жерүсті ұшқышсыз жүйелер, киберқауіпсіздік және тактикалық даярлық бағыттары бойынша бақ сынады. Бұл олардың әзірлемелерінің сенімділігін, функционалдығы мен тиімділігін нақты жағдайларға жақын ортада бағалауға мүмкіндік берді.

Жас мамандар тәжірибесін шыңдады
Мұндай формат жастарға жобаны әзірлеу мен бағдарламалаудан бастап, дайын технологияны нақты жағдайларға жақын ортада сынауға дейінгі инженерлік жұмыстың толық циклінен өтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар студенттер әскери, өнеркәсіптік және технологиялық сектор өкілдерімен тәжірибе алмасып, жобаларын жетілдіру бойынша кәсіби пікір алды.
SHAIQAS 2026 студенттердің идеяларын дайын прототиптер мен бағдарламалық шешімдерге айналдырып, оларды практикада тексеруге мүмкіндік беретін технологиялық алаң ретінде ерекшеленді.
Чемпионат жастардың инженерлік ойлауын, технологиялық құзыреттерін және практикалық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ жоғары оқу орындары, мемлекет, қорғаныс саласы мен индустрия арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды.
