Қазақстанда жоғары оқу орындарының білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау басталды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Талапкерлер 2026 жылдың 13–20 шілде аралығында өтініштерін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта, виртуалды қабылдау комиссияларының көмегімен онлайн немесе eGov порталы арқылы тапсыра алады.
Грант конкурсына қатысу үшін үміткерлер:
- Жеке куәлігін;
- ҰБТ сертификатын;
- 3×4 көлеміндегі фотосуретін;
- Орта білім туралы аттестатын ұсынуы қажет.
Ал жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысатын талапкерлер тиісті растайтын құжаттарды қоса тапсырады.
Грант конкурсына қатысу үшін қандай шекті балл қажет?
2026 жылғы білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін ҰБТ нәтижесі бойынша төмендегі ең төменгі шекті баллдар белгіленді:
- «Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» бағыттары – кемінде 75 балл;
- «Денсаулық сақтау» бағыты – кемінде 70 балл;
- «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» бағыттары – кемінде 50 балл;
- ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл;
- басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 50 балл.
Сонымен қатар, жоғары оқу орындары ақылы бөлімге қабылдау кезінде өздерінің ішкі шекті балдарын белгілеуге құқылы.
Квоталар мен цифрлық қабылдау жүйесі
Биылғы қабылдау науқаны барысында ауыл жастары мен әлеуметтік осал топтарға арналған мемлекеттік квоталар сақталды. Бұл санаттағы талапкерлердің білім беру грантын жеңіп алу мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ 2026 жылы қабылдау жұмыстары «Цифрлық университет» қағидаты бойынша жалғасады. Құжаттарды қабылдау және конкурс өткізу үдерістерінің басым бөлігі автоматтандырылып, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету көзделген.
Білім беру гранттарының иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.
