STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда 12 наурыздан бастап Әкімшілік кодекстің 31-бабына енгізілген өзгерістер күшіне еніп, жол қозғалысы ережелерін бақылайтын камералардың мүмкіндігі кеңейтіледі. ІІМ таратқан мәліметке сүйенсек, құқық қорғау органдары жаңа тыйымдар салған жоқ, тек бұрыннан бар ережелердің сақталуын техникалық құрылғылар арқылы қадағалауды күшейтті.
Енді сергек көздер тек жылдамдық асыру немесе бағдаршамның қызыл түсіне өтуді ғана емес, арнайы өлшемді талап етпейтін өзге де заңбұзушылықтарды тіркей бастайды. Атап айтқанда, көлік тізгіндеп отырып телефон пайдалану және қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты әрекеттер автоматты түрде анықталады. Сондай-ақ мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялану арқылы жүйе техникалық байқаудан өтпеген немесе сақтандыру полисі жоқ көліктерді де бірден әшкерелейді.
Жаңа ереже бойынша кейбір жеңіл заңбұзушылықтар үшін жүйе инспектордың қатысуынсыз-ақ автоматты түрде ескерту шығара алады. Бұл тізімге жолда кептеліс тудыру немесе көлік шамдарын дұрыс пайдаланбау сияқты баптар кіреді. Ал әлеуметтік желілерде тараған «камералар жаяу жүргіншілерге де айыппұл салады» деген ақпаратты Ішкі істер министрлігі ресми түрде жоққа шығарды.

