STEPPENEWS.KZ: Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева ITF W15 турнирі Нагпур жарысында жұптық сында жеңімпаз атанды. Ол ресейлік Екатерина Яшинамен бірге финалда Элина Неплий / Ксения Лоскутова жұбын тізе бүктірді.
Финалдық кездесу аса тартысты өтті. Алғашқы сетте есе жіберген Құламбаева мен Яшина екінші партияда ойын тізгінін қолға алып, матчты шешуші супер-тай-брейкке жеткізді. Шешуші сәтте олар мінез көрсетіп, 5:7, 6:4, 10:6 есебімен жеңіске жетті. Бұл титул – Жібек үшін жарақаттан кейінгі маусымдағы алғашқы жеңіс.
Жұптық сындағы жетістігімен қатар, қазақстандық теннисші жекелей разрядта да табысты өнер көрсетуде. Жартылай финалда ол үндістандық Зеел Десаині сенімді түрде жеңіп, финалға жолдама алды.
Енді шешуші матчта Құламбаева тағы бір үндістандық спортшы – Сонал Патилмен кездесіп, турнирдегі екінші титулын сарапқа салады.

