Қытайда жасанды интеллект технологияларын енгізу қарқыны үдей түсіп, бұл сала ел экономикасының өсімі мен өндірісті жаңғыртудың басты тірегіне айналып келеді. Бұл туралы ҚХР Мемлекеттік статистика басқармасының өкілі Ван Гуаньхуа мәлімдеді, деп хабарлайды SteppeNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Ресми деректерге сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы үш тоқсанында цифрлық өнімдер өндірісі ірі өнеркәсіп саласының өсіміне 33 пайыздан астам үлес қосқан. Кәсіпорындарды жаппай цифрландыру нәтижесінде интегралды схемалар шығару 23,3%-ға, ал заманауи өнеркәсіп жабдықтарын өндіру 30,6%-ға артқан.
Озық технологиялар қызмет көрсету саласына да тың серпін берді. Ақпараттық технологиялар мен бағдарламалық жасақтама саласының қосылған құны былтырғы жылмен салыстырғанда 10,4%-ға өскен. Мұның басты себебі – нейрондық желілерді оқытуға, күрделі есептеу әдістері мен қуатты серверлерге деген сұраныстың күрт артуы.
Тұтыну нарығында да жаңашыл өнімдерге қызығушылық жоғары. Мәселен, ақылды көзілдіріктер мен сағаттар секілді тағатын гаджеттерге сұраныс артып, ірі сауда желілерінде бұл тауарлардың сатылымы 70%-дан астам өскен. Ал сатушысыз, автоматтандырылған дүкендердің айналымы 25%-дан көп ұлғайған.
Жасанды интеллекттің қолдану аясының кеңеюі инвестиция мен сыртқы сауда көрсеткіштерін де едәуір көтерді. Атап айтқанда, электронды схемалар өндірісіне құйылған қаржы 58,7%-ға секіріс жасап, қытайлық электронды бөлшектердің шетелге шығарылатын көлемі 70%-ға өскен.
Ван Гуаньхуаның айтуынша, Қытайдың біртұтас өндірістік тізбекке, орасан зор дерек қорына және аса үлкен ішкі нарыққа ие болуы жасанды интеллект технологияларын әрі қарай дамытып, кең ауқымда қолдануға толық мүмкіндік береді.
Келесі материал: Қытайлық блогер жасанды интеллектпен жабдықталған ұшатын ховерборд жасап шығарды
