STEPPENEWS.KZ: Жапонияның INPEX компаниясы Қазақстан мен Әзірбайжан кен орындарынан өндірілетін мұнайдың бір бөлігін Еуропадан өз елінің ішкі нарығына қайта бағыттауды жоспарлап отыр. Бұл шешім Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты мұнай жеткізудегі тәуекелдерді азайту мақсатында қабылданды.
Reuters және NHK басылымдарының хабарлауынша, әңгіме Қазақстандағы Қашаған және Әзірбайжандағы Азери–Чираг–Гюнешли кен орындарынан алынатын шикізат туралы болып отыр. Осы уақытқа дейін бұл жобалардан алынған мұнай негізінен Еуропа елдеріне сатылып келген еді. Алайда Ормуз бұғазындағы тұрақсыздық пен тасымалдаудағы іркілістер ресми Токионы стратегиялық қорларды пайдалануға және балама бағыттарды қарастыруға мәжбүр етті.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мен Әзірбайжаннан Жапонияға мұнай жеткізу дәстүрлі бағыттардан әлдеқайда ұзақ уақыт алады. Мәселен, қазақстандық мұнайды жеткізу мерзімі 35-тен 55 күнге дейін созылуы мүмкін. Айта кетейік, INPEX North Caspian Sea компаниясы Қашаған кен орнын игеріп жатқан NCOC халықаралық консорциумында 7,56% үлеске ие.

