STEPPENEWS.KZ: Материал Qazaq Expert Club сарапшысы, салық консультанты Раушан Тасшоинованың пікіріне негізделіп дайындалды. Qazaq Expert Club сарапшысы, салық консультанты Раушан Тасшоинова Салық кодексіндегі жаңашылдықтардың іс жүзінде қалай көрініс тауып жатқанын түсіндірді.
Оның айтуынша, жаңа салық ережелері арнайы салық режимдерінде жұмыс істейтін шағын бизнестің едәуір бөлігіне жанама түрде әсер етуде. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, жеке кәсіпкерлер шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 70%-ын құрайды. Осыған байланысты өзгерістердің ықпалы кең ауқымда сезіліп отыр. 2026 жылдың басында нарық белсенді бейімделу кезеңінен өтуде.
Сарапшы тәжірибеде бұл өзгерістер әсіресе компаниялар арасындағы өзара іс-қимылда айқын байқалатынын атап өтті. Жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін бизнес үшін арнайы салық режиміндегі контрагенттермен ынтымақтастық бұрынғыдан тиімсіз бола түскен. Себебі ҚҚС бойынша есепке жатқызу мүмкіндігі жоқ, ал корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімдерге шектеулер енгізілген.
Раушан Тасшоинованың сөзінше, мұндай мәмілелердегі экономикалық алшақтық ҚҚС мөлшерлемесіне жуық деңгейге жетуі мүмкін. Ал орташа маржасы 10–15% шамасында болатын сауда саласында мұндай шығындар пайданың едәуір бөлігін «жеп қоюы» ықтимал. Бұл өз кезегінде нарықтағы мінез-құлыққа әсер етіп, компанияларды жеткізу тізбектерін және контрагенттер құрылымын қайта қарауға мәжбүрлеуде.
Типтік мысал ретінде көлік қызметтері келтіріледі. Арнайы салық режиміндегі тасымалдаушы жалпыға бірдей режимдегі компанияға қызмет көрсеткен жағдайда, тапсырыс беруші үшін мұндай мәміле тиімсіз болады. Себебі төленген ҚҚС есепке алынбайды, ал КТС бойынша шегерімдер шектеледі. Нәтижесінде тапсырыс беруші бағаны төмендетуді талап етеді немесе жалпы режимдегі басқа тасымалдаушыны іздейді. Ал орындаушы маржаның қысқаруы немесе корпоративтік клиенттен айырылу қаупіне тап болады.
Салдарынан бизнес шарттарды қайта қарауға, клиенттер тарапынан қысымға ұшырауға және жұмыс форматын бейімдеуге мәжбүр. Қосымша салықтық шығындар ішінара қызметтер мен жеткізілімдердің құнына ауысады. Сарапшының бағалауынша, кейбір B2B сегменттерінде бағаның өсуі байқалып отыр, бұл салық өзгерістері мен жалпы инфляциялық қысымның үйлесуінен туындаған.
Өзгерістер әсіресе сауда, логистика, құрылыс және сервистік мердігерлер үшін сезімтал. Бұл салаларда жеткізу тізбектері ұзын, ал өзара есеп айырысуда ҚҚС үлесі жоғары. Шағын және орта бизнес Қазақстан ЖІӨ-нің үштен бірінен астамын қалыптастыратынын ескерсек, салық логикасындағы өзгерістер жекелеген компанияларға ғана емес, баға құрылымына, жұмыспен қамтуға және жалпы іскерлік белсенділікке де ықпал етеді.
«Жаңа конфигурацияда жалпыға бірдей режимдегі компаниялар ұтады, ал арнайы режимдегі бизнес корпоративтік тапсырыстардың бір бөлігін жоғалтуы мүмкін. ҚҚС бойынша есепке тұру белсенділігінің артқаны және бизнестің бір бөлігінің жалпы режимге өтіп жатқаны байқалады. Салық режимі енді тек есептің техникалық баптауы емес, нарыққа қолжетімділікті айқындайтын факторға айналды. Шағын бизнес үшін мәселе тек салық жүктемесінде емес, кіммен жұмыс істей алатынында және қандай келісімшарттарды сақтап қала алатынында», — деп түйіндеді Раушан Тасшоинова.

