STEPPENEWS.KZ: Қызылорда облысында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкері мен аудандық аурухананың дәрігеріне қатысты үкім шықты. Олар жалған еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеу ісі бойынша кінәлі деп танылды.
Сот мәліметінше, Сырдария ауданындағы бөлімдердің бірінің басшысы құқықбұзушылық жасағаны үшін 15 тәулік әкімшілік қамауда болған. Осы уақыттағы жұмысқа келмегенін ақтау үшін ол басшылығына уақытша еңбекке жарамсыздық парағын тапсырған.
Алайда тергеу барысында бұл құжаттың заңсыз берілгені анықталды. Аталған парақты аудандық аурухананың дәрігері негізсіз рәсімдеген.
Нәтижесінде дәрігер құжатты қолдан жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Ал жалған құжатты пайдаланған СЭС қызметкері де кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

