STEPPENEWS.KZ: Түркістан облысында қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Жетісай аудандық соты өз әкесін жүйелі түрде аяусыз соққыға жыққан 41 жастағы Алмас Садақбаевты кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Марқұм — ауыр дертке шалдыққан, өздігінен қозғала алмайтын, баласына толықтай тәуелді болған 70 жастағы қарт. Тергеу деректеріне сәйкес, ол ұзақ уақыт бойы ұлы тарапынан зорлық-зомбылық көрген.
Оқиға өткен жылдың күзінде әлеуметтік желіде тараған видео арқылы көпшілікке мәлім болды. Қоссейіт ауылында түсірілген бейнежазбада ер адамның үй ауласында қарт кісіні ұрып жатқан сәті анық көрінеді. Жазбаны көршілері түсіріп, интернетке жариялаған.
Белгілі болғандай, Алмас Садақбаев бірнеше жыл бойы отбасымен Шардара ауданында тұрған. 2025 жылдың мамыр айында ол үй сатып алып, әкесін өзіне көшіріп әкелген. Алайда қарт адамға күтім көрсету орнына, ұлы оған үнемі күш қолданған. Соққылардың басым бөлігі үй ауласында жасалған.
Сот барысында зорлық-зомбылықтың үнемі болғаны анықталды. Мемлекеттік айыптаушы сотта келтірген эпизодтардың бірін былай сипаттады:
«2025 жылғы 13 тамызда сағат 18:40 шамасында әкесінің өздігінен дәретханаға шыға алмағанына ашуланған А. Садақбаев “қабырғаңды сындырамын” деп қорқытып, үй ауласында әкесін қолымен және аяғымен денесінің түрлі тұсынан аса қатыгездікпен ұрып, дене жарақаттарын салған».
Тергеу бұл әрекеттердің бір реттік емес, тұрақты түрде қайталанып отырғанын анықтаған.
Сараптама: жарақат көп, бірақ өлім себебі нақты емес
Қарт кісі қайтыс болғаннан кейін жүргізілген сот-медициналық сараптама оның қабырғалары мен мұрын сүйегі сынғанын, денесінде көптеген қан құйылулар болғанын көрсетті. Сонымен қатар жарақаттардың бір бөлігі бұрынғы соққылардан қалғаны белгілі болды.
Алайда мәйіттің кеш эксгумациялануына байланысты өлімнің нақты себебін анықтау мүмкін болмаған.
«Азаматтың өлім себебі анықталған жоқ, себебі мәйіт сараптамаға түскен кезде денесі шіри бастаған. Бұл мәйітті және гистологиялық зерттеу нәтижелерімен расталады», — деді мемлекеттік айыптаушы сотта.
Айыптау баптары өзгертілді
Айта кетейік, бастапқыда полиция Алмас Садақбаевқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі — «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу» бойынша іс қозғаған.
Алайда кейін, 24 желтоқсанда, іс материалдары сотқа басқа баптармен жолданды. Нәтижесінде сот оны:
- ҚР ҚК 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы — «Көрінеу дәрменсіз күйдегі адамды азаптау»,
- ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы — «Дәрменсіз күйдегі адамға қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру»
бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.

