Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайда өткен «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы әріптестік» тақырыбына арналған Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияның ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы SteppeNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы Қытайдың жасанды интеллект саласындағы жетістіктері мен елдің технологиялық әлеуетінің дамуына ерекше тоқталды.
– Бүгінде әлемдегі жасанды интеллект зерттеушілерінің жартысынан астамы Қытай Халық Республикасының өкілдері. Жасанды интеллект саласындағы патенттердің ең көп саны қытайлық инноваторларға тиесілі. Елдің қарқынды дамып келе жатқан инновациялық экожүйесі озық технологиялардың көптеген бағыты бойынша серпінді ілгерілеп келеді, – деді Президент.
Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференция ұсынған «ЖИ – игілік үшін, ЖИ – баршаға» тұжырымдамасын қолдайтынын білдірді.
– Ұсынылған қағидаттар технологиялық прогрестің баршаға ортақ игілікке қызмет етуіне бағытталған бірлескен күш-жігеріміздің негізі болуы тиіс деп санаймыз. Болашақ өзара сенім мен ортақ мүддеге негізделген берік әріптестік орната алатындардың еншісінде екеніне сенімдімін. Осы тұрғыда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын құру тұжырымдамасы айрықша маңызға ие. Қазақстан бұл көреген бастаманы жоғары бағалайды және оның жасанды интеллект дәуірінде өзектілігі арта түскеніне сенімді, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің көшбасшылық қасиеттері мен қазіргі Қытайды дамытудағы рөліне жоғары баға берді.
– Менің елімде Төраға Си тарихи ауқымдағы ұлы көшбасшы ретінде бағаланады. Оның дана әрі сенімді басшылығымен Қытай тұрақсыз, болжауға келмейтін әрі өзара қақтығыстарға толы қазіргі әлемде жаңа жетістіктерге қарай нық қадам басып келеді. 2029 жылдың қазан айында Қытай Халық Республикасы құрылғанына 80 жыл толады. Сексен жыл – тұтас бір адамның ғұмыры. Осы уақыттың жартысында Қытай саяси және экономикалық күйзелістердің ауыр салдарымен күресті. Ал небәрі 40 жылдың ішінде ел кедейлікті толық еңсеріп, жоғары технологияларға негізделген әртараптандырылған экономикасы бар әлемдік державаға айналды. Бұл жетістік Коммунистік партияның жетекші рөлі мен оның білікті әрі аса қабілетті көшбасшысы Си Цзиньпиннің арқасында мүмкін болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, жасанды интеллект толыққанды инфрақұрылымы бар дербес салаға айналып, әлемдік экономика, сауда және жаһандық өзара байланыс болашағына шешуші ықпал етеді.
– БҰҰ деректеріне сәйкес, жасанды интеллект инфрақұрылымы мен онымен байланысты технологияларға салынған инвестициялар жыл сайын орта есеппен 47 пайызға өсіп келеді. 2033 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының көлемі шамамен 5 триллион долларға жетеді деп күтілуде. Сондықтан жасанды интеллектті басқару жартылай өткізгіштер мен деректерді өңдеу орталықтарынан бастап этика, білім беру және адам қадір-қасиетін қорғауға дейінгі барлық тізбекті қамтуы тиіс. Сонымен қатар бұл өзгерістер геосаяси тұрақсыздық пен әлемдік державалар арасындағы сенім тапшылығы жағдайында жүріп жатыр. Өкінішке қарай, көптеген мемлекеттер қақтығыстардың алдын алудан гөрі олардың салдарын жоюға көбірек күш жұмсайды. Ал жасанды интеллект бізге осы қисынсыз үрдісті өзгертіп, ерте ескерту жүйелерін, превентивті дипломатияны, гуманитарлық әрекет пен бітімгерлікті дамытуға тарихи мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жасанды интеллект әділетті әрі инклюзивті дамудың қозғаушы күшіне айналуға тиіс екенін айтты.
– Ешбір мемлекет жасанды интеллекттің тек тұтынушысы болып қалмауы керек. Әрбір ел өзінің адами капиталын, цифрлық инфрақұрылымын және институционалдық әлеуетін дамыту мүмкіндігіне ие болуы қажет. Бұл – әділдік мәселесі. Ортақ міндетіміз – жасанды интеллекттің экономика мен қоғам игілігіне қызмет етуін қамтамасыз ету. Сонымен қатар ЖИ әрдайым адамның парасатты әрі жауапты басқаруында болуы тиіс. Сондықтан Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымды құру туралы шешімді тарихи маңызы бар қадам деп санайды. Бұл ұйым жаһандық жасанды интеллектті басқарудың әмбебап архитектурасының негізіне айналады деп сенемін. Ол бүкіл адамзаттың өркендеуі мен қауіпсіздігі жолындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың құралы болуы тиіс, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қазақстанның жасанды интеллектті дамытудағы стратегиялық артықшылықтарына да жеке тоқталды. Оның пікірінше, еліміз технологиялық өзара байланыс, цифрлық сауда және халықаралық ынтымақтастықтың серпінді орталығына айналуға қажетті барлық алғышарттарға ие.
– Энергетикалық ресурстар қоры, стратегиялық маңызды пайдалы қазбалар кен орындарының болуы, заманауи көлік дәліздері мен қарқынды дамып келе жатқан цифрлық инфрақұрылым нарықтарды, технологиялар мен инновациялық экожүйелерді біріктіруге жаңа мүмкіндіктер ашады. Цифрлық трансформация – ұлттық даму стратегиямыздың негізгі бағыттарының бірі. Қазақстанның жаңа Конституциясында жасанды интеллектке және оның еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етудегі айрықша рөліне ерекше назар аударылған. Негізгі заң азаматтардың жеке деректерін қорғау құқығына кепілдік береді. Біз биылғы жылды Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы деп жариялап, Digital Kazakhstan – 2029 жалпыұлттық стратегиясын бекіттік. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Елордада Smart City кешенді технологиялық платформасы іске қосылды. Жақын арада бұл тәжірибе Қазақстанның барлық ірі қалаларында кеңінен қолданылады. Сонымен қатар біз Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық қала – Алатауды стратегиялық тұрғыдан дамытуға басымдық беріп отырмыз. Әлемдік технологиялық компанияларды, инвесторлар мен инноваторларды, ең алдымен Қытайдан тарту мақсатында жаңа Конституцияда Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі бекітілді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Алматы қаласында БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) жанынан Орнықты даму үшін цифрлық шешімдердің Азия-Тынық мұхиты орталығы ашылатынын хабарлады.
– Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның негізін қалаушылардың бірі ретінде осы маңызды платформаны құрудағы Қытайдың жетекші рөлін жоғары бағалайды. Жақында құрылған бұл жаһандық ұйымның әлемдік жасанды интеллекттің болашағын айқындайтын жетекші халықаралық институтқа айналу әлеуеті зор екеніне сенімдіміз. Біз үшін Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның алғашқы отырысын Астанада өткізу үлкен мәртебе болар еді. Сондай-ақ Ұйымның Орталық Азия бойынша өңірлік өкілдігін Қазақстанда орналастыруды ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Шанхайда көтерген негізгі бастамалардың бірі – трансұлттық цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру және Қазақстан мен Қытай арасындағы цифрлық ынтымақтастықты дамыту болды.
– Біз «Қазақстан–Қытай цифрлық көпірі» бастамасын іске қосуды ұсынамыз. Оның басты мақсаты – цифрлық сауданы дамытуға серпін беріп, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында цифрлық экономикаларды ықпалдастырудың практикалық моделін қалыптастыру. Өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндірісі, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару сияқты салаларда жасанды интеллектті қауіпсіз әрі ауқымды түрде енгізуді жеделдетуіміз қажет. Жасанды интеллектті реттеудегі ұлттық тәсілдердің өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету маңызды. Жасанды интеллект жүйелерін сынақтан өткізу мен сертификаттаудың ортақ стандарттарын әзірлеу қажет. Сондай-ақ киберқауіптерге, дипфейктерге, цифрлық алаяқтыққа және өзге де жаңа қауіп-қатерлерге қарсы сенімді қорғаныс тетіктерін жасауымыз керек. Сонымен қатар Қытай Үкіметі біздің келесі жылды екі елде Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялау туралы ұсынысымызды қолдайды деп үміттенеміз, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Фото: Ақорда
Президент сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктері адамзаттың жаңа технологияларды түсіну, бағалау және реттеу қабілетінен әлдеқайда жылдам дамып келе жатқанына назар аударды. Оның пікірінше, ЖИ-дің дамуы бейбітшілік пен орнықты даму қағидаттарына сай болуы керек және текетірес пен әскери бәсекенің құралына айналмауға тиіс.
– Барлық қатысушы мемлекеттер мен мүдделі тараптарды жасанды интеллектті реттеу, стандарттар және этика мәселелері бойынша тұрақты сарапшылық алаң құруға шақырамын. Түптеп келгенде, жасанды интеллекттің болашағын адамдар айқындайды. Сондықтан бұл саладағы таланттар үшін бәсеке күшейе түседі. Біз жас ұрпақты цифрлық дағдылармен қатар сыни ойлау қабілетіне, ізденімпаздыққа және жоғары этикалық жауапкершілікке баулуымыз керек. Осыған байланысты Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның қамқорлығымен халықаралық мектептер, озық тәжірибе орталықтары мен академиялық серіктестіктер желісін құруды ұсынады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Ақорда
Сөз соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның жасанды интеллекттің әлеуетін ұзақ мерзімді бейбітшілік, орнықты даму және жалпыға ортақ өркендеу жолында пайдалану үшін барлық серіктеспен ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.
Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания KZ31VPY00089099 от 15.03.2024 г. Выдано Комитетом информации Министерства информации и коммуникаций Республики Казахстан