STEPPENEWS.KZ: Дубайда сырттан жеткізілетін жаңа піскен азық-түлік қоры шамамен 10 күнге ғана жетуі мүмкін. Бұл туралы шетелдік сарапшы мәлімдеді.
Таяу Шығыстағы қақтығыс жаһандық сауда ағындарының жұмысына кері әсерін тигізіп отыр. Соның салдарынан жеткізу тізбегінде қиындықтар пайда болған. Нәтижесінде Дубайға жаңа піскен өнімдерді уақытында жеткізу қиындап барады. Қолда бар азық-түлік қоры 10 күннен кейін таусылуы мүмкін. Бұл пікірді Германиядағы ірі логистикалық компанияның басшысы Штефан Пауль білдірген. Оның сөзін немістің Heute газеті жариялады.
Басылымның жазуынша, жағдай теңіз және әуе тасымалына да әсер етіп отыр.
Паульдің айтуынша, рейстердің тоқтатылуы мен кейбір әуежайлардың жабылуы Парсы шығанағы елдерінде күнделікті қажетті тауарлардың тапшылығына әкелуі мүмкін. Оның пікірінше, азық-түлікті Сауд Арабиясы арқылы құрлық жолымен жеткізуге болады. Алайда қазіргі мүмкіндіктер мұндай тасымалға толықтай жеткіліксіз болуы ықтимал.
Сарапшының болжамынша, егер дағдарыс ұзаққа созылса, бұл өңірдегі тауарлардың бағасына және қолжетімділігіне әсер етеді. Әсіресе көкөніс пен жеміс-жидек тапшылығы айқын сезілуі мүмкін.

