STEPPENEWS.KZ: Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін қала полициясының басшылығы қызметтен босатылды. Ішкі істер министрлігі Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасарын лауазымынан босату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Президенттің мәлімдемесінен кейін ІІМ кадрлық шешімдер қабылданғанын хабарлады. Атап айтқанда, Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметтен босатылды. Сонымен қатар бірқатар жауапты қызметкерлер де жұмыстан шығарылды.
«Қылмыстық істің тергеу барысы ІІМ-нің ерекше бақылауында. Тергеудің объективті әрі жан-жақты жүргізілуі үшін тәжірибелі қызметкерлерден арнайы тергеу-жедел тобы құрылды», — делінген министрлік хабарламасында.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары болған оқиғаның барлық мән-жайына құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Еске салайық, 11 қаңтар күні Шымкент қаласында 21 жастағы студент Нұрай Серікбай аса қатыгездікпен өлтірілген еді.

