STEPPENEWS.KZ: Алматы тауларында адасып кеткен Ресей азаматын іздеп табуға Shymbulak курортының қызметкерлері көмектесті. Белгіленген трассалардан тыс жерде сырғанау ресейлік туристің өміріне қауіп төндіре жаздаған. Түн ортасына таман курорт қызметкерлеріне бір қыз жүгініп, көмек сұраған. Оның айтуынша, олар «Профессор» трассасында сырғанап жүрген кезде серігі кенеттен өзен жаққа қарай бұрылып кетіп, көзден ғайып болған.

Курорттың кезекші қызметкері Махамбет Абдуллаев бұл туралы ақпаратты бірден Shymbulak Mountain Resort Жедел басқару орталығына жеткізген. Іздеу жұмыстарына курорттың қауіпсіздік қызметі мен құтқарушылары жедел түрде жұмылдырылды.
«Қыз қатты алаңдап тұрды. Мен оның жанында қалып, басқару орталығымен байланыста болдым. Ал бұл уақытта құтқарушылар мен қауіпсіздік қызметінің ауысым басшысы оқиға орнында іздеу жұмыстарын жүргізіп жатты», — дейді Махамбет Абдуллаев.
Іздеу жұмыстары түнгі уақытта жүргізілгендіктен және таудың күрделі бедері құтқарушылардың жұмысын қиындата түсті. Біраз уақыттан кейін ер адам курорт аумағынан тыс жерден табылды.
Оны қауіпсіз жерге шығару үшін қосымша күш тартылды. Операцияға Алматы қаласының Құтқару қызметі мамандары, сондай-ақ Алматы қаласы ТЖД қызметкерлері, өрт сөндірушілер мен Апаттар медицинасы орталығы дәрігері қатысты.
Құтқару қызметтерінің бірлескен жұмысының арқасында турист қауіпсіз жерге шығарылып, курорттың базалық станциясына жеткізілді. Дәрігерлер оны тексеріп, ешқандай жарақат жоқ екенін анықтады. Турист қосымша медициналық көмек алудан бас тартқан.
«Құтқарушыларға үлкен алғыс айтқым келеді. Олар мені тауып, қауіпсіз жерге шығарды, барынша қолдау көрсетті. Мен өте ризамын. Shymbulak — керемет курорт, мұнда тағы да келемін», — деді турист.
Құтқарушылардың айтуынша, дайындалған трассалардан тыс жерде, әсіресе түнгі уақытта сырғанау қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан курорт мамандары демалушыларды тек белгіленген бағыттармен жүруге шақырады.
Айта кетейік, биылғы қысқы маусым басталғалы бері Shymbulak Mountain Resort аумағында бұл — үшінші құтқару операциясы. Олардың барлығы сәтті аяқталған.

