STEPPENEWS.KZ: 15 наурызда өтетін республикалық референдумды өткізуге Үкімет резервінен 20,78 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Қаржы министрлігі хабарлады.
Қаражаттың негізгі бөлігі — 20,65 млрд теңге — Орталық сайлау комиссиясына бағытталады. Оның 15,69 млрд теңгесі (шамамен 75 пайызы) ел бойынша жұмыс істейтін 71 мың комиссия мүшесінің еңбекақысын төлеуге жұмсалады. Қалған 4,96 млрд теңге бюллетеньдерді басып шығару, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және сайлау учаскелерін ұйымдастыру шараларына бөлінеді.
Сыртқы істер министрлігіне қосымша 123,6 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржы шетелдегі 62 мемлекетте ашылатын 80 сайлау учаскесінің жұмысын қамтамасыз етуге бағытталады.
15 наурыз күні 12 миллионнан астам азамат дауыс бере алады. Олар жаңа Конституция жобасын қолдау немесе қолдамау жөнінде таңдау жасайды.

