STEPPENEWS.KZ: 19 ақпанда қасиетті Рамазан айы басталды. Миллиондаған мұсылмандар үшін бұл — Ораза, құлшылық және рухани жаңару уақыты. Бұл кезеңде әдеттегі өмір ырғағы ғана емес, сонымен қатар тамақтану, ұйқы және су теңгерімінің жаңа режиміне бейімделетін ағзаның жұмысы да өзгереді.
Бұл айды денсаулыққа зиян келтірмей қалай өткізу керек, Рамазан кезінде қалай дұрыс тамақтану қажет, сәресіде не жеп, ауызашарда қалай тамақтану керектігі туралы SteppeNews.kz басылымына берген сұхбатында клиникалық нутрициолог Балжан Бекқожа айтып берді.
Рамазан кезінде ағзада не болады?
Маманның айтуынша, Ораза — бұл елеулі метаболикалық қайта құру процесі.
«Рамазан — бұл жай ғана тамақтан бас тарту емес, бұл ағзадағы барлық жүйелердің қарқынды жұмысы. Медицина тұрғысынан алғанда циркадтық ырғақ өзгереді, инсулинге сезімталдық қайта құрылады, өт қабына түсетін салмақ артады, бүйрек үсті бездерінің жұмысы өзгереді. Гормоналды өзгерістер орын алады».
«Бауырды, өт қабын, қант деңгейі мен жүйке жүйесін дұрыс қолдау маңызды. Рухани тазару ағзаны сауықтыруы тиіс, оған артық салмақ салмауы керек. Ағза 12 сағатқа жуық сусыз және тамақсыз қалатындықтан, ауызашарда «асқазан тойын» жасауға болмайды».
Нутрициологтың айтуынша, ең жиі кездесетін мәселе — кешке бірден шамадан тыс тамақтану.
«Күні бойы ағза ассыз және сусыз болады, ал кешке бірден шектен тыс тамақтану орын алады. Бұл бауырға, асқазанға және ұйқы безіне ауыр салмақ салып, созылмалы аурулардың асқынуы мен қабыну процестеріне түрткі болуы мүмкін. Сондықтан ұстамдылық пен теңгерімді сақтау маңызды».
Сәресі ұзақ уақыт бойы тоқтық сезімі мен тұрақты энергияны қамтамасыз етуі тиіс.
«Сәресі күні бойына жететін қуат беруі керек. Ең дұрыс үйлесім — ақуыздар, пайдалы майлар, жас көкөністер мен аз мөлшердегі күрделі көмірсулар».
Сәресінің негізі
Ақуыздар тоқтық сезімін береді Жылқы еті, сиыр еті, балық, тауық, күркетауық, ішкі мүшелер (жүрек, бауыр, қарын), қатты ірімшік, жұмыртқа, сүзбе, бұршақ тұқымдастар. «Қазы жеуге кеңес беремін — бұл ақуыздың, пайдалы майлар мен темірдің жақсы көзі. Сондай-ақ сапалы сүйектен ұзақ қайнатылған сүйек сорпасы өте пайдалы».
Майлар ауызашарға дейін қуат береді Қазы, жал, гхи (ерітілген сары май), 82,5% сары май, жануарлардың іш майы. Өсімдік майларынан — кокос, зәйтүн, зығыр майы, авокадо. «Тіпті тамақты осы майларға пісірген дұрыс».Көк шөптер микробиотаны қоректендіреді Күніне 300–500 грамм көкөніс пен көк шөп: қырыққабат, қияр, қызанақ, сәбіз, кәді, брокколи, аскөк, ақжелкен, руккола және т.б.. «Көк шөптер ішек микробиотасын қоректендіреді. Бұл — әр тамақтану кезінде болуы тиіс жасұнық (клетчатка)».
Нутрициолог әр тамақ ішкенде өнімдерді бөлудің көрнекі тәсілі — теңгерімді тәрелке принципін сақтауды ұсынады.
-
Тәрелке мөлшерінің 50%-ы — көкөністер мен көк шөптер
-
25%-ы — ақуызды өнімдер
-
25%-ы — күрделі көмірсулар немесе пайдалы майлар
Бұл әдіс қандағы қанттың күрт көтерілуін болдырмауға, тұрақты қуатты сақтауға және ас қорыту жүйесіне түсетін салмақты азайтуға көмектеседі.
Сәресіде не жеуге болмайды
Сарапшы шөлдететін өнімдерден бас тартуға кеңес береді. «Бұл — тұзды, ысталған тағамдар, кофе. Сондай-ақ қантты күрт көтеретін өнімдер — тәттілер, ұн өнімдері, тым тәтті жемістер. Немесе оларды барынша азайтқан жөн».
Ол ескертеді: «Егер ауызашарда шамадан тыс жеп қойсаңыз, сәресіде тамақ іше алмайсыз. Бұл келесі күні қуаттың төмендеуіне әкеледі».
Нутрициологтың айтуынша, тамақтануды судан бастау керек. «Ауызашарда міндетті түрде жылы су ішу керек — өте ыстық немесе мұздай болмағаны жөн. Құрманы бір-екі данадан артық жемеген дұрыс, себебі қазір оларды жиі шәрбатпен өңдейді».
«Ағзаға қуырылған, майлы және тәтті тағамдармен артық салмақ салмау маңызды. Бауырсақ пен чебуректі өте сирек және аз мөлшерде жеу керек». Оның айтуынша, ауызашар неғұрлым жеңіл болса, көңіл-күй де соғұрлым жақсы болады.
Ораза кезінде ағза сұйықтықты жоғалтады, сондықтан оны дұрыс толықтыру маңызды. «Суды ауызашар мен ұйқы арасында аз-аздан ішу керек. Сәресіде — бір-екі стақан жылы су. Тәтті сусындардан аулақ болыңыз».
Ас қорытуды жақсарту үшін минералды суды қолдануға болады. «Ауызашардан 20–30 минут өткен соң «Боржоми» немесе «Ессентукиді» газсыз, кішкене ұрттап ішуге болады. Бірақ тек ауызашардан кейін. Сәресіде шөлді қоздырмау үшін ішуге кеңес берілмейді».
«Егер гастрит, өт қабының мәселелері, анемия немесе басқа да созылмалы аурулар болса, алдын ала дәрігермен немесе нутрициологпен кеңескен абзал. Майлы тағамдардың мөлшерін бірден арттырмау керек, бәрі теңгерімді әрі біртіндеп болуы тиіс».

