Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытайдың Jiangsu Huibo Robotics Technology Co. компаниясымен бірлескен «Цифрлық және зияткерлік шеберхана» жұмыс істейді. Жоба робототехника, жасанды интеллект, мехатроника және цифрлық өндіріс бағыттарында мамандар даярлауға арналған.
Шеберхана Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық және білім беру ынтымақтастығы аясында құрылған. Жоба туралы меморандумға 2025 жылы қол қойылған. Оның негізгі мақсаты – студенттер мен жас зерттеушілерге заманауи технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік беру. Мұнда робототехника, зияткерлік өндіріс және цифрлық технологиялар бойынша оқу курстары, семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізу қарастырылған.
2025 жылғы қыркүйекте ҚазҰУ базасында «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен робототехника орталығы ресми түрде ашылды. Орталықтың жалпы аумағы 600 шаршы метрді құрайды. Мұнда бес инновациялық платформа және 13 заманауи робот орнатылған. Олардың қатарында виртуалды зауыт, өнеркәсіптік роботтарды бағдарламалау жүйесі, жасанды интеллект пен машиналық көру платформалары, сондай-ақ роботтарды оқытуға арналған кешендер бар.

Шеберханада студенттер мехатроника, машиналық көру, бағдарламалау және интеллектуалды жүйелерді басқару бағыттарын тәжірибе арқылы үйренеді. Сонымен қатар өндірістік процестерді цифрлық ортада модельдеу және автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істеу дағдылары қалыптастырылады.
Орталықта әлеуметтік бағыттағы технологиялық жобалар да әзірленуде. Солардың бірі – мүмкіндігі шектеулі адамдарға және күнделікті өмірде қосымша қолдауды қажет ететін жандарға көмектесуге бағытталған роботтық құрылғы. Мұндай жобалар қашықтан басқару және адам мен роботтың өзара әрекеттесу мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған.

Бұдан бөлек, ҚазҰУ ғалымдары отандық гуманоид робот Zhugirmek v1.0 жобасын әзірлеуде. Жоба аясында роботтың қозғалысын басқару жүйесі, қашықтан басқаруға арналған экзоскелет және автономды жұмыс істеу мүмкіндіктері зерттелуде. Роботтың қолдары алты еркіндік дәрежесіне ие болады. Ал экзоскелет оператордың қозғалысын қайталап, роботты басқаруға мүмкіндік береді. Жоба 2025–2027 жылдарға жоспарланған.
Шеберхананың жұмысы білім беру және ғылыми зерттеулермен шектелмейді. 2026 жылы ҚазҰУ мен Jiangsu Huibo Robotics Technology арасында шеберхананың екінші кезеңін дамыту жөнінде келісім жасалды. Оның аясында жоғары технологиялық робототехника, икемді зияткерлік өндіріс және өнеркәсіптегі цифрлық егіздер технологиялары бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар Қазақстан–Қытай бірлескен ғылыми-зерттеу зертханасын құру және қазақстандық түлектерді халықаралық еңбек нарығына бейімдеуге бағытталған арнайы платформаны қалыптастыру көзделген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
ҚазҰУ-дың мәліметінше, халықаралық институтта робототехника, мехатроника, жасанды интеллект және заттар интернеті бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын дамыту жоспарланған. Бұл бағыттар бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерін қамтиды.
Осылайша, «Цифрлық және зияткерлік шеберхана» ҚазҰУ студенттері мен зерттеушілерінің робототехника, цифрлық технологиялар және зияткерлік өндіріс бағыттарындағы практикалық және ғылыми жұмыстарын жүргізуге арналған алаң ретінде жұмысын жалғастырып келеді.
Келесі материал: Doogee Fire 3 Max: экстремалды жағдайға арналған берік смартфон
