STEPPENEWS.KZ: Қазақстандық стартап интернет арқылы қашықтан балық аулауға мүмкіндік беретін бірегей технология әзірледі. Бұл туралы «Техномотель» Telegram-арнасы хабарлады. Жаңа сервис арқылы әлемнің кез келген нүктесіндегі қолданушылар үйден шықпай-ақ смартфон көмегімен балық аулай алады.
Жүйе роботтандырылған қармаққа негізделген: пайдаланушы оны интернет арқылы басқарып, үдерісті нақты уақыт режимінде қармаққа орнатылған камера арқылы бақылап отырады. Ал балық ілінген сәтте, су айдынында кезекшілік ететін маман келіп, олжаны қармақтан шешіп алады.
«Барлығы өте оңай. Қосымшаға кіресіз — сіз бірден балық аулау процесін бастайсыз. Экранда қармаққа орнатылған камераның тікелей бейнесі мен басқару батырмалары көрсетіледі: оңға, солға, жоғары, төмен. Жіпті түсіру және ілу түймелері бар. Сәттілік болса — балықты өзіңіз тартып шығарасыз. Бұл жай ғана ойын емес. Бұл — одан да әсерлі тәжірибе», — делінген бағдарлама сипаттамасында.
Қазіргі таңда сервис Алматы маңындағы бір көлде жұмыс істеп тұр. Дегенмен жоба авторлары болашақта қашықтан балық аулау жүйесінің аясын кеңейтуді көздеп отыр. Алдағы уақытта платформаға Мексика, Италия және Норвегиядағы су айдындарын қосу жоспарланған.

