STEPPENEWS.KZ: Алматы облысының тұрғыны өз бүйрегін сатуға әрекет жасағаны үшін тергеуге алынды. Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ол әлеуметтік желілерде органын сататыны туралы хабарландыру жариялаған.
Күдікті Көкшетау қаласында ақшаның бір бөлігін алу кезінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері тарапынан ұсталды.
Белгілі болғандай, ол бұған дейін де осындай мазмұндағы хабарландырулар жариялаған. Тінту барысында одан ақша, ұялы телефон және медициналық құжаттар тәркіленді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы мен ықтимал қатысушылар анықталуда. Полиция өкілдері адам ағзаларын саудалау заңмен қатаң тыйым салынғанын және мұндай әрекет үшін сатушы да, делдал да, сатып алушы да қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

