STEPPENEWS.KZ: П. Чайковскийдің «Щелкунчик» балеті қысқы маусымда Қазақстанның бірден үш жетекші театрында сахналанып, жаңа жылмен тығыз байланысты классикалық туынды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Театрлар көрермен назарына барлығы 47 қойылым ұсынып, оларды 40 мыңнан астам адам тамашалаған.
Чайковскийдің музыкалық мұрасы әр театрда өзіндік қырынан көрініс тапты. Классикалық сюжеттік желі ортақ болғанымен, сахналық шешімдер, пластика, визуалдық тәсілдер мен әртістердің эмоциялық жеткізуі әртүрлі. Соның нәтижесінде әр қойылым көрерменге өзінше әсер қалдырады.
Мәселен, «Астана Опера» театрында Юрий Григоровичтің қойылымындағы «Щелкунчик» ұсынылды. Спектакльдің көркемдік деңгейін Симон Вирсаладзенің сценографиясы мен костюмдері айқындай түседі. Ауқымды сахналық шешімдер мен сән-салтанаты келіскен киімдер көрерменге нағыз театр ғажайыбы мен мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Ал «Астана Балет» театры балетті Василий Вайнонен редакциялап, Алтынай Асылмұратова сахналаған нұсқада көрсетті. Бұл қойылымда әр қимылдың нақтылығы, бидің жеңілдігі мен ырғақтылығы әсіресе жас көрерменге ерекше жаңа жылдық әсер береді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында «Щелкунчик» маусымдағы ең көп күтілетін спектакльдердің бірі саналады. Балет көптеген жылдар бойы театр репертуарынан түспей келеді. Қойылым тарихи Вайнонен нұсқасында сахналанып, 2015 жылы жаңартылған. Мұнда классикалық дәстүр мен заманауи театр элементтері үйлесім тауып, көрерменге ерекше көркемдік әсер ұсынады. Жыл сайын «Щелкунчик» балеті классикалық өнердің құндылықтарын дәріптеп, көрермен ықыласына бөленіп келеді.

