STEPPENEWS.KZ: Қазақстан құрамасы Милан–2026 қысқы Олимпиада ойындарына конькимен жүгіру спортынан тағы 12 лицензия иеленді. Бұл нәтиже 14 қараша мен 14 желтоқсан аралығында АҚШ, Канада, Нидерланд және Норвегияда өткен Әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша тіркелді.
Олимпиадалық жолдамаларға ие болған нақты спортшылардың есімі ұлттық құраманың бас бапкері шешім қабылдағаннан кейін жарияланады. 2026 жылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан атынан конькимен жүгіруде бес спортшы бақ сынауы мүмкін.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы мәнерлеп сырғанаудан да лицензия қорын толықтырған еді. Әлем чемпионатында Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина олимпиадалық нормативті орындап, екі жолдама жеңіп алды. Сонымен қатар шорт-трек спортынан ұлттық команда ел қоржынына тағы тоғыз лицензия салды. Бапкерлер штабының шешімімен Миланда Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Ольга Тихонова және Яна Хан жарысқа қатысады.
XXV қысқы Олимпия ойындары 2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады.
Осылайша, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде спорттың үш түрі бойынша 23 олимпиадалық лицензия бар. Олимпиадаға бөлінетін нақты жолдамалар саны 2026 жылдың қаңтар айының соңында түпкілікті бекітіледі.

