Қазақстан мен Қытай сауда және логистика салаларымен қатар, өнеркәсіп бағытындағы ынтымақтастықты да белсенді түрде дамытып келеді. Соның айқын мысалдарының бірі — Қарағанды облысының Саран қаласында орналасқан QazTehna машина жасау зауыты.
Кәсіпорын Қытайдың Yutong Bus корпорациясымен бірлесіп, заманауи автобустар мен коммерциялық техникалар өндірісін жолға қойған.
Жоба «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы халықаралық серіктестіктің дайын өнім жеткізуден өндірісті жергіліктендіруге, технология трансферіне және инженерлік кадрларды даярлауға қарай бет бұрғанын көрсетеді. Бұл Орталық Азияда ұзақ мерзімді өнеркәсіптік базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Индустриялық аймақтан заманауи машина жасауға дейін
Кәсіпорынның тарихы 2019 жылы Сарандағы бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар зауытының аумағын қайта жаңғыртудан басталды. 2020 жылдың желтоқсанында мұнда автобустарды ірі торапты құрастыру цехы іске қосылды. Ал 2021 жылы кәсіпорын ұсақ торапты өндіріс форматына көшті. Бүгінде зауыттың өндірістік желісінде Yutong маркалы автобустармен қатар, Sinotruk (Howo) коммерциялық техникасы да бар.

«QazTehna» ЖШС PR-менеджері Екатерина Шломаның айтуынша, 2020 жылы іске қосылған зауыт индустриялық аймақта жүзеге асырылған алғашқы ірі жобалардың бірі болды. Кәсіпорын Саран қаласының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етті.
«Бүгінде QazTehna Қазақстандағы жолаушылар көлігі машина жасау саласындағы ең технологиялық кәсіпорындардың бірі саналады. Өндірістік қуат жылына 2 мыңға дейін автобус және 10 мыңға дейін коммерциялық техника шығаруға мүмкіндік береді», — деді Екатерина Шлома.
Технологияға негізделген серіктестік
Зауытты іске қосу барысында заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтар сатып алынып, орнатылды. Оларды стратегиялық серіктес — Yutong компаниясы бренд талаптарына сәйкес арнайы жобалап, өндірген.

PR-менеджердің айтуынша, автобустар жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға арналған заманауи жабдықтармен қамтылған. Оның ішінде навигация жүйесі, бейнебақылау, жол ақысын қолма-қол ақшасыз төлеу жүйесі, салон мен жүргізуші кабинасына арналған кондиционер, сондай-ақ қозғалысы шектеулі жолаушыларға арналған жиналмалы аппарель бар.
Yutong мен QazTehna арасындағы серіктестік Қытай және Қазақстан компанияларының өзара тиімді ынтымақтастығының мысалы болып отыр. Сонымен қатар ол Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.
Мұндай ынтымақтастық үлгісінде технология экспорты дайын өнім экспортынан кем түспейтін маңызды бағытқа айналып отыр.
Өндірісті жергіліктендіру — басты мақсат
2026 жыл QazTehna үшін өндірісті әрі қарай дамыту және жергіліктендіру деңгейін арттыру кезеңі болды. Компания қазақстандық өндірісте шығарылатын өнімдер мен бөлшектердің үлесін біртіндеп көбейтіп келеді.


Маңызды жобалардың бірі — кәсіпорынның жеке штамптау өндірісін дамыту. Зауытта Қазақстанда алғаш рет отандық Qarmet комбинатында өндірілген болаттан кузовтың металл бөлшектерін жасауға арналған гидравликалық штамптау пресі іске қосылды.
Сонымен қатар кәсіпорын құрамдас бөлшектер өндірісін де кеңейтіп жатыр. Орындықтар, аккумулятор батареялары, шиналар мен тұтқаларды жергіліктендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Адам капиталына инвестиция
Технология трансфері білікті мамандарсыз мүмкін емес. Сондықтан серіктестіктің маңызды бағыттарының бірі — кадр даярлау жүйесі. Оның аясында Yutong инженерлері қазақстандық мамандарға өндіріс орнында техникалық және консультациялық қолдау көрсетеді.

Екатерина Шломаның айтуынша, кәсіпорында 12 жұмысшы мамандығы бойынша корпоративтік оқу орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар Қарағанды облысының колледждері мен жоғары оқу орындарымен бірлесіп дуалды білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда.
Тағы бір маңызды бағыт — Хэнань кәсіптік-техникалық көлік колледжімен ынтымақтастық. Серіктестік аясында оқу орнының Қазақстанда филиалын ашу жоспарланған.
Бұл тәсіл жекелеген өндірістік операцияларға маман даярлаумен шектелмей, Қазақстанда өзіндік инженерлік мектеп қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Саранның жаңа экономикалық келбеті
QazTehna зауытының іске қосылуы Саран қаласының экономикалық бейнесіне елеулі өзгеріс әкелді. Қалада жаңа өнеркәсіптік даму бағыты қалыптасып, кәсіпорын индустриялық аймақтың негізгі жобаларының біріне айналды.

Бүгінде зауытта 930 адам жұмыс істейді. Қызметкерлерді көршілес қалалардан тасымалдау ұйымдастырылған. Кәсіпорында әлеуметтік пакет пен кәсіби өсу жүйесі де қарастырылған.
Экологиялық таза қоғамдық көлік
Бірлескен өндіріс тұрақты даму міндеттеріне де бағытталған. Зауыт қозғалтқыштарының әртүрлі түрлері бар автобустар шығарады. Олардың әрқайсысының экологиялық тұрғыдан өзіндік артықшылықтары бар.
Бұл Қазақстан қалаларына қоғамдық көлік паркін біртіндеп жаңартып, зиянды шығарындылар көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша кәсіпорын экологиялық жауапты жолаушылар тасымалына арналған әртүрлі шешімдерді ұсынуға ұмтылып отыр.
«Барлық техника кондиционерлермен, бейнебақылау жүйелерімен, жол ақысын қолма-қол ақшасыз төлеу құрылғыларымен және қозғалысы шектеулі жолаушыларға арналған аппарельдермен жабдықталған. Кәсіпорын іске қосылғалы бері 9 мыңнан астам автобус пен коммерциялық техника шығарылды. QazTehna автобустары бүгінде еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді», — деді Екатерина Шлома.

QazTehna тәжірибесі Қазақстан мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы өнеркәсіптік ынтымақтастығы инвестициялық жобалармен ғана шектелмейтінін көрсетеді.
Өндірісті жергіліктендіру, технология трансфері, инженерлік құзыреттерді дамыту және жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыру Қазақстан мен жалпы Орталық Азияның экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді индустриялық серіктестіктің негізіне айналып келеді
Келесі материал: Ташкентте CCA Tashkent заманауи өнер орталығы ашылды
