Қазақстан Республикасы Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында қалалық әуе мобильділігі (UAM), ұшқышсыз авиация және төмен биіктіктегі әуе кеңістігін цифрлық басқару технологияларын дамыту бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілді деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасай отырып.
Көлік саласын цифрландыру бағытындағы негізгі құжаттардың бірі – Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және Корея Республикасының Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі (MOLIT) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды.
Құжатқа Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Қазақстан Республикасы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев және MOLIT министрі Ким Юн Док қол қойды.
Меморандум технологиялар трансферін жүзеге асыруға, ұшқышсыз авиациялық жүйелердің қозғалысын басқару жүйесін (UTM) әзірлеуге және енгізуге бағытталған. Сондай-ақ құжат UTM саласында үкіметаралық келісім дайындау мүмкіндігін қарастырады.
Жобаны іске асыру бойынша уәкілетті серіктестер ретінде Корея Республикасының мемлекеттік Korea Airports Corporation (KAC) корпорациясы және қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) компаниясы айқындалды.
Ынтымақтастық аясында төмен биіктіктегі әуе кеңістігін басқаруға арналған цифрлық технологиялар мен шешімдерді Қазақстанға беру және жергілікті жағдайға бейімдеу көзделіп отыр. Сонымен қатар ұшқышсыз авиациялық жүйелерді, eVTOL әуе кемелерін және әуе көлігінің басқа түрлерін Қазақстанның бірыңғай цифрлық экожүйесіне қауіпсіз интеграциялауға қажетті технологиялық негіз қалыптастырылады.
Қазақстанда UTM жүйесін жергілікті деңгейде енгізу үшін қажетті технологиялар мен цифрлық шешімдерді беру жоспарлануда. Бұл жүйені жергілікті деңгейде басқаруға және деректерді Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес өңдеуге мүмкіндік береді.
Жаңа технологияларды қауіпсіз енгізу үшін Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жобаға қатысушыларға эксперименттік құқықтық режим мен мемлекеттік қолдаудың тиісті шараларын қолдану мүмкіндігін қарастырады.
Жобаны іске асыру барысында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) халықаралық стандарттары мен ұсынылатын практикасы, сондай-ақ Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік және аса маңызды инфрақұрылымды қорғау саласындағы талаптары ескерілетін болады.
KAC пен AAAG ынтымақтастығы Қазақстанда қалалық әуе мобильділігі экожүйесін қалыптастыру бағдарламасының бір бөлігі саналады. Бағдарлама әуе қозғалысын цифрлық басқару жүйесін, eVTOL әуе кемелеріне арналған инфрақұрылымды, вертипорттарды және ұшқышсыз логистикаға арналған шешімдерді дамытуды қамтиды.
Alatau City Қазақстанда UTM шешімдерін практикалық енгізу және заманауи әуе мобильділігі экожүйесін қалыптастыру бойынша алғашқы алаң болады.
Келесі материал: Моңғолияда көне қолжазбалардың фрагменттері табылды
