VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аралық қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орында тұр, деп хабарлайды SteppeNews.kz Туризм және спорт министірлігіне сілтеме жасап.
4 қыркүйектегі жағдай бойынша қазақстандық спортшылар 55 медаль жеңіп алды. Оның 25-і — алтын, 13-і — күміс, 17-сі — қола.
Екінші орында Қырғызстан құрамасы орналасқан. Қырғыз спортшыларының қоржынында 58 медаль бар: 23 алтын, 24 күміс және 11 қола. Үшінші орында Ресей құрамасы келеді. Ресейліктер 4 алтын, 6 күміс және 13 қола медаль иеленді.
Қазақстан өкілдері Ойындар бағдарламасына енгізілген 42 спорт түрінің 31-інде жарыстарға қатысып үлгерді. Отандастарымыз аударыспақ, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, самбо, арқан тарту, дәстүрлі садақ ату, ат жарыстары, құсбегілік және басқа да спорт түрлерінен жүлдеге ие болды.

Жарыстар әлі жалғасып жатқандықтан, жалпыкомандалық есептегі орындар өзгеруі мүмкін. Қазақстан спортшылары тағы 11 спорт түрінен сынға түседі.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 113 елінен шамамен 3 мың спортшы қатысып жатыр. Жарыстар 6 қыркүйекте аяқталады. Соңғы күні көкпар мен көк-бөріден финалдық бәсекелер өтіп, кешке Ойындардың жабылу салтанаты ұйымдастырылады.
Келесі материал: Тегін шаттлдар және өзгеріссіз қозғалыс сызбалары: Энрике Иглесиастың концерті кезінде Алматыда қоғамдық көлік қалай жұмыс істейді
