STEPPENEWS.KZ: Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында 2025 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жетекші шетелдік университеттермен стратегиялық серіктестіктерді жүйелі түрде дамытты. Бұл жұмыс Қазақстанды өңірлік білім беру орталығы ретінде қалыптастыруға және азаматтардың сапалы халықаралық білімге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталды.
Әлемдік университеттер Қазақстанда
Бүгінде Қазақстан 40 жетекші шетелдік университетпен стратегиялық серіктестік орнатып, олардың 33 филиалы ел аумағында жұмыс істеп тұр. Бұл бастама бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға, ғылымды дамытуға және елдің жаһандық академиялық қауымдастыққа интеграциялануына негіз қалап отыр.
Филиалдар заманауи білім беру бағдарламалары мен ғылыми тәжірибелерді енгізіп, технологиялар мен инновациялар трансферіне ықпал етеді. Студенттерге Қазақстаннан шықпай-ақ халықаралық диплом алу мүмкіндігі беріліп, отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі арта түсуде.
Әріптестік географиясы Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Корея Республикасы, Франция, Германия, Италия, Польша, Түркия және Өзбекстан университеттерін қамтиды. Филиалдарда экономиканың басым әрі кадр тапшылығы байқалатын бағыттар бойынша 162 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Орталық Азиядағы алғашқы Russell Group кампусы
2025 жылдың қыркүйегінен бастап Cardiff University, Coventry University, Woosong University, ММХҚИ, Марке политехникалық университеті және Анхальт қолданбалы университеті филиалдарында оқыту басталды.
Астанада Cardiff University Kazakhstan кампусы ашылды. Бұл – университеттің алғашқы шетелдік филиалы әрі Орталық Азиядағы Russell Group құрамындағы жалғыз кампус. Сонымен қатар елордада Coventry University Kazakhstan өз жұмысын бастап, студенттерге британдық үлгідегі диплом алуға мүмкіндік беріп отыр.
Өңірлердегі халықаралық білім
Түркістанда Woosong University (Оңтүстік Корея) филиалы ашылып, IT, жасанды интеллект және Data Science бағыттары бойынша мамандар даярлау қолға алынды. Ал Қаскелең қаласында New York Film Academy филиалы іске қосылды – бұл Қазақстандағы алғашқы әлемдік деңгейдегі шығармашылық университет және Орталық Азиядағы америкалық кино мектебінің жалғыз кампусы.
Сапаға басымдық және инфрақұрылымдық серпін
Серіктестік орнатуда QS, ARWU және THE халықаралық рейтингтерінің топ-250 қатарына енетін университеттерге басымдық берілді. Бұл жоғары академиялық және ғылыми стандарттарды енгізуге мүмкіндік берді.
Бірлескен жобалар аясында өңірлерде жаңа оқу-зертханалық ғимараттар мен жатақханалар салынды, бірқатар университеттер үшін жеке кампустар ұсынылды. Cardiff University, Coventry University, МИФИ және ММХҚИ үшін жеке кампустар салу жұмыстары жалғасуда.
Инвестициялар және экономикамен байланыс
Стратегиялық серіктестіктерге индустриялық әріптестер де тартылуда. «Қазфосфат» ЖШС РХТУ филиалын қолдады, қытай тарапы ШҚТУ базасында Лу Бань шеберханасын жабдықтауға және инжинирингтік орталық құруға инвестиция салды. Сондай-ақ корей тарапымен бірлесіп жасанды интеллект саласындағы жобалар іске асырылуда.
Негізгі басымдық өңірлік ЖОО-лардың әлеуетін арттыруға және атом энергетикасы, «жасыл» технологиялар, су қауіпсіздігі секілді стратегиялық салаларға мамандар даярлауға берілді.
Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігі
QS Asia 2026 рейтингінде 44 қазақстандық жоғары оқу орны қамтылып, оның 10-ы алғаш рет енді. Бұл ұлттық жоғары білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігінің артқанын көрсетеді.
Қазақстан – академиялық туризм орталығы
Академиялық орталықты дамыту аясында «Study in Kazakhstan» жобасы іске қосылды. Мақсат – 2029 жылға қарай шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізу. Қазіргі таңда елімізде 35 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда, бұл рекордтық көрсеткіш.
Тұрақты нәтижеге бағытталған стратегия
Шетелдік университеттермен серіктестік Қазақстанды жаһандық білім кеңістігіне интеграциялаудың негізгі тетігіне айналды. Бұл саясат ұзақмерзімді экономикалық, кадрлық және ғылыми тиімділік қалыптастырып, білім беру саласын шикізаттық емес табыс көзіне айналдыруға жол ашуда.
Осылайша, шетелдік университеттер филиалдары технологиялар трансферін жеделдетіп, қолданбалы зерттеулер мен экономиканың басым салалары үшін мамандар даярлауды күшейтіп, Қазақстанның өңірлік академиялық орталық ретіндегі мәртебесін нығайтып отыр.

