Қазақ ұлттық спорт университеті Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) Olympic Studies and Research Centre орталығы тарапынан ресми мойындалып, Academic Olympic Studies and Research Centres жаһандық желісіне қосылды. Бұл желі Олимпиада қозғалысын, оның тарихы мен мұрасын және қоғамға ықпалын зерттейтін академиялық орталықтарды біріктіреді. Бұл туралы SteppeNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Желі құрамындағы университеттер олимпиадалық тақырып бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, оқу бағдарламаларын әзірлейді, ғылыми іс-шаралар ұйымдастырады және зерттеу еңбектерін жариялайды. Сонымен қатар Олимпиада ойындары мен Олимпиада қозғалысына қатысты жаңа ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
Қазақ ұлттық спорт университетінде Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығы жұмыс істейді. Оның негізгі бағыттары – Олимпиада қозғалысының тарихы мен дамуын, олимпиадалық құндылықтар мен Ойындар мұрасын зерттеу.
Орталық студенттер, оқытушылар, зерттеушілер және спорт саласының мамандары арасында ғылыми пікір алмасуға арналған алаң ретінде де қызмет етеді.

Халықаралық желіге қосылу университетке басқа елдердегі академиялық орталықтармен байланыс орнатып, ғылыми зерттеулер мен білім беру тәжірибесімен алмасуға мүмкіндік береді. Орталықтар арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу Olympic Studies and Research Centres желісінің негізгі бағыттарының бірі саналады.
Бүгінде әлемде университеттер жанында жұмыс істейтін және олимпиадалық білім мен ғылыми зерттеулерді дамытатын 80-ге жуық академиялық олимпиадалық зерттеу орталығы бар. Қазақстан Орталық Азияда ХОК тарапынан осындай деңгейде мойындалған алғашқы ел болды.
Университеттің халықаралық желіге қосылуы Қазақстандағы олимпиадалық зерттеулердің дамуына және осы бағыттағы халықаралық тәжірибемен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақ ұлттық спорт университеті Мемлекет басшысының тапсырмасымен спорт саласына жаңа буын мамандарын даярлау мақсатында құрылды. Университет білім беру, спорт ғылымы, медицина, оңалту және цифрлық технологиялар бағыттарын біріктіріп, спорт саласына қажетті мамандарды даярлаумен айналысады.
Келесі материал: GWM Wingle 7: техникалық сипаттамалары мен мүмкіндіктері
