STEPPENEWS.KZ: Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Екатерина Шилованың Польшада қаза тапқанын растады. Ведомство марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Қазақстанның Польшадағы елшілігі қаза тапқан әйелдің отбасымен және поляк құқық қорғау органдарымен байланыста. Дипломаттар консулдық мәселелерді шешуге, соның ішінде мәйітті отанына жеткізуге көмектесіп жатыр. Бұл жағдай Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің бақылауында.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған болатын. 42 жастағы Екатерина Шилова 18 ақпанда Варшава қаласында жоғалып кеткені хабарланған. Сол күні кешке ол Астанаға ұшуы тиіс болған, алайда рейске мінбеген.
Оған дейін оның телефонынан күмәнді хабарлама келгені айтылды. Хабарламада әйелге Германияда жұмыс ұсынылғаны және сол себепті ұшақ билетін тапсырғаны жазылған. Алайда туыстары бұл мәтін оның әдеттегі жазу мәнеріне ұқсамайтынын айтып, оны басқа біреулер жазуы мүмкін екенін жеткізген. Осыдан кейін қазақстандық әйелдің телефоны өшіп қалған.

