Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі, 2023 жылы мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде ауыр бас-ми жарақатын алған Ербаян Мұхтар ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды SteppeNews.kz 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл қайғылы ақпаратты марқұмның туыстары мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі растады. Отбасының ресми өкілі Инга Иманбайдың айтуынша, Ербаянның ата-анасына ауруханадан хабарласып, ұлдарының жүрегі тоқтағанын жеткізген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Денсаулық сақтау министрлігі мен Төтенше медицина ұлттық үйлестіру орталығы қаза тапқан азаматтың жақындары мен отбасына қайғырып көңіл айтты.
Министірліктің мәліметінше, Ербаян Мұхтар әскери қызметте алған жарақатынан кейін үш жылға жуық өте ауыр халде жатқан. Ұзақ уақыт бойы ол персистирленген вегетативті күйде болды. Дәрігерлердің тыныс алуды қолдауды қоса алғандағы қарқынды терапиясына қарамастан, науқастың жағдайы біртіндеп нашарлай берген. Осы жылдың маусым айында негізгі дерттің салдарынан инфекциялық асқынулар, сепсис және полиоргандық жеткіліксіздік синдромы дамыған.
Денсаулық сақтау министрлігі сарбазды емдеу үшін барлық қажетті реанимациялық және емдік шаралар кешені толық көлемде жүргізілгенін атап өтті. Сондай-ақ, Ербаян Түркияға емделуге жіберіліп, онда да алғашқы қойылған диагноз расталған болатын.
Ресми мәліметке сәйкес, емделушінің биологиялық өлімі 2026 жылдың 23 маусымында сағат 21:40-та тіркелді. Өлімнің тікелей себебі — ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулардан дамыған полиоргандық жеткіліксіздік синдромы. Министрлік Ербаянның заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған палатада жатқанын, барлық қажетті дәрі-дәрмекпен және күтіммен қамтамасыз етілгенін, сондай-ақ туыстарының емдеу кезеңінде оның қасында болуына толық жағдай жасалғанын баса айтты.
