Жүздеген машина жұмыс істеп тұрған, бірақ адамдар қарасы некен-саяқ көрінетін алып тоқыма фабрикасын елестетіп көріңізші. Өндірістік желілер тоқтаусыз өнім шығарып жатыр, автоматтандырылған құрылғылар күрделі операцияларды орындайды, ал бүкіл процесті санаулы маман ғана бақылап отыр. Бұл фантастикалық фильмнің кадрлары емес, заманауи Қытайдың бүгінгі шындығы, деп жазады SteppeNews.kz тілшісі.
Чжэцзян провинциясының Нинбо қаласындағы Consinee Cashmere кәсіпорнына барғанда дәл осындай көрініске куә болдым. Әртүрлі елден келген әріптестерімізбен бірге кашемир жібін шығаратын заманауи өндіріспен таныстық. Мұнда басты жұмысты автоматтандырылған құрылғылар мен роботтар орындайды.
Көрген дүнием маған қатты әсер еткенін жасырмаймын. Біз тоқыма өнеркәсібі көп жұмыс күшін талап етеді деп ойлауға дағдыланып қалғанбыз. Бірақ бұл жерде бәрі басқаша: адамдар құрал-жабдықтарды баптаумен, қажетті параметрлерді енгізумен және сапаны бақылаумен айналысады, ал машиналар өндірістік операциялардың басым бөлігін өздігінен атқарады.
Жұмысшысы аз, өнімділігі жоғары фабрика
Өндірістік цехтарды аралау кезінде ең бірінші көзге түскені — үздіксіз жұмыс істеп тұрған жабдықтардың көптігі және қызметкерлердің тым аздығы болды.
Машиналар операцияларды тоқтаусыз дерлік орындайды. Автоматтандырылған жүйелер материалдардың өндіріс кезеңдері арасында қозғалысын қамтамасыз етеді, ал мамандар жабдықтардың жұмысын қадағалап, бүкіл процесті бақылауда ұстайды.
Дәстүрлі тоқыма фабрикаларында мұндай тапсырмаларды орындау үшін әлдеқайда көп жұмысшы қажет болар еді. Ал мұнда заманауи технологиялардың арқасында өндірісті салыстырмалы түрде шағын мамандар ұжымы алып жүр.

Әлемдік сән индустриясына арналған кашемир қалай өндіріледі?
Consinee Group — 1999 жылы құрылған қытайлық компания. Ол кашемирден және басқа да табиғи талшықтардан жоғары сапалы жіп өндіруге маманданған.
Кашемир тоқыма өнеркәсібіндегі ең құнды материалдардың бірі саналады. Оны кашемир ешкілерінің биязы түбітінен алады. Жұмсақтығы, жеңілдігі және жылуды жақсы сақтау қабілетінің арқасында ол қымбат киімдер дайындауда кеңінен қолданылады.
Кашемир жібінен свитерлер, кардигандар, шарфтар, пальтолар және халықаралық сән брендтерінің коллекцияларынан табуға болатын басқа да бұйымдар тоқылады.
Consinee компаниясы өз өнімдерін әртүрлі елдердегі киім өндірушілерге және тоқыма өнеркәсібі кәсіпорындарына жеткізеді. Бізге үйреншікті болып кеткен әдемі кашемир бұйымдарының артында күрделі әрі жоғары технологиялық процесс тұрғанын білу ерекше қызықты болды.
Машиналар қол еңбегін алмастырғанда
Кәсіпорынның басты ерекшеліктерінің бірі — автоматтандырудың жоғары деңгейі.
Автоматтандырылған желілер адамның тұрақты қатысуынсыз-ақ көптеген операцияны орындауға мүмкіндік береді. Жабдықтар берілген бағдарламалар бойынша жұмыс істейді, ал цифрлық жүйелер өндірістік көрсеткіштерді қадағалауға және өнім сапасын бақылауға көмектеседі.
Бұл орайда адамның да рөлі өзгеруде. Бұрын жұмысшылар өндірістік операциялардың көбін тікелей өз қолымен атқарса, қазір олар негізінен машиналарды басқарады, олардың жұмысын қадағалайды және техникалық міндеттерді шешеді.
Мұндай тәсіл кәсіпорындарға өндіріс көлемін арттыруға, сапа тұрақтылығын сақтауға және қол еңбегінің үлесін азайтуға мүмкіндік береді.

Қытай өнеркәсіп туралы түсінікті өзгертіп жатыр
Consinee фабрикасына сапар Қытай өнеркәсібінің қаншалықты өзгергенін көрсетті.
Көбісі әлі де қытайлық фабрикаларды мыңдаған адам тауарды қолмен өндіріп жатқан алып кәсіпорындар ретінде елестетеді. Бірақ бүгінде бұл ел интеллектуалды өндіріске белсенді түрде көшуде.
Заманауи технологиялар тек автомобиль жасауда, электроникада немесе робототехникада емес, тоқыма өнеркәсібі сияқты дәстүрлі салаларда да кеңінен қолданылады.
Consinee — осы өзгерістердің бір мысалы. Бұл жерде табиғи материалдар, көпжылдық өндірістік тәжірибе және заманауи автоматтандырылған жабдықтар тоғысқан.
Бұл тәжірибе Қазақстанға не бере алады?
Кәсіпорынды аралау барысында Қазақстанда да осындай өндірістерді дамыту мүмкіндіктері туралы ойландым.
Біздің елдің мал шаруашылығы ресурстары мол және жүн мен табиғи материалдардан бұйымдар дайындаудың өзіндік дәстүрі бар.
Дегенмен шикізат өндірумен шектелмей, оны терең өңдеуді дамыту, сапалы дайын өнім шығару және халықаралық нарықтарға шығу маңызды.
Consinee тәжірибесі заманауи технологияларға инвестиция салу арқылы дәстүрлі өндірісті жоғары технологиялық салаға қалай айналдыруға болатынын көрсетеді.
Әрине, мұндай кәсіпорындарды құру үлкен қаржыны, мамандар даярлауды және жаңа жабдықтарды енгізуді талап етеді. Дәл осындай жобалар Қазақстан өнеркәсібін дамытудың басты бағыттарының біріне айнала алады.
Менің пікірім: адам мен технология
Фабрикадан кейін заманауи технологиялардың мүмкіндіктері туралы ғана емес, дағдылы мамандықтардың болашағы туралы да ойландым.
Бір жағынан, автоматтандыру адам еңбегін жеңілдетеді, өнімділікті арттырады және сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Екінші жағынан: жұмысын машиналар атқара бастаған адамдардың жағдайы не болады деген сұрақ туындайды.
Медегіше, мамандықтар өзгереді, соған байланысты мамандарға қойылатын талаптар да өседі. Инженерлерге, бағдарламашыларға, технологтарға және күрделі жабдықтарды басқара алатын мамандарға деген сұраныс арта түседі.
Қазақстан үшін де бұл — өзекті мәселе. Өнеркәсіпті дамытумен қатар, білім беруге және мамандарды жаңа технологияларға бейімдеп даярлауға баса назар аудару қажет.
Consinee фабрикасына жасаған сапар ерекше әсер қалдырды. Бұл — заманауи технологиялардың өнеркәсіпті қалай өзгертіп жатқанының және өндіріске қандай жаңа мүмкіндіктер ашатынының айқын мысалы. Қытай бүгіннің өзінде автоматтандыру мен роботтандыру экономикалық дамудың ажырамас бөлігіне айналғанын көрсетіп отыр. Таяу жылдары мұндай кәсіпорындар әлемнің көптеген елінде, соның ішінде Қазақстанда да пайда болады деген сенімдемін.
Мақала авторы: Роза Айдырова
Келесі материал: Нинбодағы болашақ фабрикасы: кашемирді роботтар өндіреді, ал адамдар процесті басқарады
