STEPPENEWS.KZ: Алматы төріндегі Республика сарайында аты аңызға айналған «МузАРТ» тобының 25 жылдық шығармашылық жолына арналған мерейтойлық спектакль жоғары деңгейде өтті. Түркістан музыкалық-драма театры ұсынған бұл тың туынды халықтың ыстық ықыласына бөленіп, топтың құрылу тарихы мен өнер айдынындағы алғашқы қадамдарын көрермен жадында қайта жаңғыртты. Сахналық қойылым арқылы ұжымның қалыптасу кезеңі, шығармашылық ізденістері мен қол жеткізген биік белестері терең мазмұнмен және жарқын көркемдік шешімдермен шебер өрілді.


Шығарма авторы Қазыбек Аманжол мен режиссер Әли Бидахметтің бұл еңбегі көрерменге рухани серпіліс сыйлап, ансамбльдің ширек ғасырлық тарихын театр тілінде сөйлетті. Идея авторы Мерей Маханов бастаған шығармашылық топ топ мүшелерінің бейнесін сомдауда барынша нақтылыққа ұмтылған. Сахнада Мейрамбек Беспаевтың рөлін сомдаған Темір-Сұлтан Мейірбектің қимыл-қозғалысы мен келбеті түпнұсқадан айнымай, көпшілікті таңғалдырды. Сондай-ақ Мақсат Базарбаевтың бейнесін Шерхан Саматұлы, ал Кенжебек Жанәбіловтің рөлін Досымжан шебер алып шықты. Бұл — жас театрдың халық көңілінен шыққан алғашқы туындысы емес, бұған дейін де ұжым өзіндік қолтаңбасымен танылып үлгерген еді.

Кеш соңында сөз алған «МузАРТ» тобының ұстазы, белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев спектакльдің сәтті шыққанын атап өтіп, режиссерге айтар жеке ұсыныстары мен толықтырулары бар екенін жеткізді. Мерекелік қойылым барысында топтың хит әндері шырқалып, көрермен қауым ерекше әсермен тарқасты. Айта кетейік, Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мерейтойлық спектакльдің гастрольдік сапары 3 наурыз күні Талдықорған қаласында жалғасын тапты.

