STEPPENEWS.KZ: 2025 жылы мақта түсімі соңғы 21 жылдағы ең жоғары деңгейге жетіп, 465,9 мың тоннаны құрады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда шамамен 55 пайызға артық. Бұл жайтқа Telegram-дағы Data Hub арнасы назар аударған. Арна мәліметті ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйене отырып жариялаған.
Жиналған мақта көлемі 2000-жылдардың басындағы жоғары көрсеткіштерге қайта оралды. 2004–2007 жылдар аралығында түсім жыл сайын 430 мың тоннадан асып отырған. 2008 жылдан 2024 жылға дейін бұл көрсеткіш 239,8 мың мен 396,7 мың тонна аралығында құбылып келді (орташа мәні — 320,5 мың тонна).
Сарапшылардың айтуынша, мұндай серпінге Қытайдың Xinjiang Lihua холдингі іске қосқан инвестициялық жоба ықпал етуі мүмкін. Компания Түркістан облысында мақтаны терең өңдеуге бағытталған өндіріс орнын дамытып жатыр. 2025 жылы шетелдік инвесторға 50 мың гектар егістік жер бөлінген.
Компания Қазақстанды экспортқа бағытталған өндірісті дамытуға қолайлы негізгі алаң ретінде қарастыратынын мәлімдеген. 2025 жылдың қазан айында дайын өнім шығаруды бастау жоспарланған еді.
Алайда әзірге ресми статистика тоқыма бұйымдары мен киім өндірісінде айтарлықтай өсім тіркемей отыр. Тек таралған (тазартылған) мақта көлемі 2025 жылы 116,1 мың тоннаға жетіп, бір жылда 53,8 пайызға артқан. Дәстүрлі түрде экспортқа мақта көбіне өңделмеген талшық күйінде шығарылады. 2024 жылмен салыстырғанда (11 ай қорытындысы) бұл бағыттағы экспорт 27,8 пайызға азайып, 57,1 мың тоннаны құраған.

