Жуырда Мәскеу облысындағы Одинцово ауданына қарасты Горки-2 елді мекені қайғылы оқиғаның ортасына айналды. Мектеп ғимаратында оқушылардың бірі пышақпен 10 жастағы Тәжікстан азаматы Қобилжон Алиевті өлтірген. Бұл оқиға Ресейде ғана емес, басқа жерлерде де кең резонанс тудырып, Душанбе билігін ресми түрде түсініктеме талап етуге және болған жағдайды ұлттық өшпенділік негізіндегі қылмыс ретінде анықтауға мәжбүр етті, деп хабарлайды SteppeNews.kz The Moscow Times газетіне сілтеме жасай отырып.
Оқиғаның қысқаша хронологиясы
Уақыты мен орны: шабуыл 2025 жылғы 16 желтоқсанда Мәскеу облысы, Одинцово ауданына қарасты Горки-2 елді мекеніндегі мектепте болған.
Күдікті: тергеу деректеріне сәйкес, күдікті — 15 жастағы оқушы (Тимофей К.). Ол оқиға орнында ұсталды. Тергеу органдары адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.
Зардап шеккендер: 10 жастағы төртінші сынып оқушысы Қобилжон Алиев қаза тапты. Сондай-ақ мектеп күзетшісі жарақат алған, кей мәліметтер бойынша тағы бірнеше адам зардап шеккен.
Кейінгі қадамдар: баланың мәйіті 18 желтоқсанға қараған түні Тәжікстанға жеткізіліп, сол жерде жерленді. Душанбе ресми түрде Ресей елшісін шақырып, істің мұқият тергелуін талап етті.
Тергеу органдары мен БАҚ не дейді?
Ресейдің Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғалғанын және қылмыстың себебі анықталып жатқанын хабарлады. БАҚ-та күдіктінің мектепке пышақ алып келгені, мектеп ішіндегі адамдарға шабуыл жасағаны туралы деректер жарияланған. Әлеуметтік желіде оны ұстау сәтінен және куәгерлердің жазбаларынан үзінділер тарады.

Кейбір басылымдар шабуылдың идеологиялық астары болуы мүмкін екенін айтады: күдіктінің киімінде «No Lives Matter» деген жазу болғаны, сондай-ақ интернетте оған тиесілі делінетін манифест мәтіндері тарағаны хабарланды. Алайда әзірге бұл деректерді толық растайтын ресми ақпарат жоқ, тергеу жалғасуда.
Тәжікстанның реакциясы және халықаралық резонанс
Душанбе бұл оқиғаға жедел әрі қатаң жауап қатты. Тәжікстан билігі жағдайды ұлттық өшпенділік негізіндегі қылмыс болуы мүмкін деп бағалап, Ресей тарапынан түсініктеме талап етті.
Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі бұл қылмысты қатаң айыптап, ресми Telegram-арнасында мәлімдеме жариялады.
«Осы жағдайға байланысты Ресей Федерациясының Тәжікстан Республикасындағы елшісі С. Григорьев Тәжікстан СІМ-не шақырылып, Ресей тарапынан бұл қайғылы оқиғаны жедел, объективті және бейтарап түрде тергеу және барлық кінәлі тұлғаларды заңның барлық қатаңдығымен жауапқа тарту талабымен нота табысталды», — делінген мәлімдемеде.
The Times of Central Asia басылымының жазуынша, бұл — Душанбе тарапынан Мәскеуге қатысты өткір, әрі қатаң реакция. Бұл оқиғаның тәжік қоғамы мен мигранттар қауымдастығы үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Халықаралық және ресейлік БАҚ-та бұл жағдайды кеңінен жариялап, баланың қазасына байланысты трагедияны, мектеп қауіпсіздігі мәселесін, жастар арасындағы ксенофобия мен радикалды идеологиялардың күшеюіне алаңдаушылықты айта кетті.
Қанды оқиғаның егжей-тегжейі
Қайғылы күні 9-сынып оқушысы Тимофей мектепке газ баллоны мен пышақ алып келген. Ол өз қылмысын кеуде тұсына орнатылған камераға түсіріп отырған.
Жасөспірім алдымен мектеп дәретханасында дайындалып, бетіне ақ маска киіп, қаруын алып, мектеп дәліздерімен жүре бастаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Тимофей математика пәнінің мұғалімін іздеп, сыныптарды аралап, мұғалімді таба алмаған. Кадрда оның жолы болмағанына ренжіп сыбырлап сөйлегені естіледі.
Ол мектеп ішінде жайбарақат жүріп, бастауыш сынып оқушыларымен амандасқан. Оған біраз уақыт бір мектеп қызметкері ілескен. Алайда шабуылдың алдында ол күдіктіні жалғыз қалдырған.
Кіші сынып оқушыларының жиналып тұрғанын көрген Тимофей кенеттен соларға қарай бет бұрады. Не болып жатқанын түсінбеген мұғалім балаларды өз денесімен қорғауға тырысқан. Осы сәтте 32 жастағы күзетші жасөспірімді тоқтатпақ болады. Тимофей күзетшіге жақындамауды талап етіп, кейін газ баллонын бетіне шашып, пышақпен арқасынан ұрған.
Осы сәтте елді дүр сілкіндірген қылмысқа санаулы секундтар ғана қалған. Жасөспірім күзетшіге алаңдаған кезде, мұғалім төртінші сынып оқушыларын сыныпқа кіргізіп үлгерген. Ал сыртта Қобилжон ғана қалып қойған, ол да болып жатқан жағдайға алаңдаса керек.
Тимофей баланы байқап қалып, артынан пышақпен қуа жөнеліп, «сенің ажалың жетті» деп айқайлаған. Бала баспалдаққа қарай қашып бара жатып құлап қалған. Сол жерде Тимофей оны қуып жетіп, пышақтап өлтірген.
Кейін жасөспірім ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.
Қаза тапқан баланың отбасы туралы не белгілі?
10 жастағы бала сол күні тым ауыр жарақат алған. Оқиға орнына келген дәрігерлер оның жансыз тәнін ғана тапты.
Белгілі болғандай, баланың анасы дәл сол мектепте еден жуушы болып жұмыс істеген. Күйеуі, яғни баланың әкесі ұлының өлімінен аз уақыт бұрын қайтыс болған. Әйел бұған дейін анасынан айырылған.
Қобилжонның егіз бауыры бар. Қайғыдан қан жұтқан ананың қолында жалғыз сол бала ғана қалды. Бұл отбасы Тәжікстаннан шыққан.
Қобилжон бүгін Тәжікстанда жерленді.

