STEPPENEWS.KZ: Республикалық маңызы бар «Кеген — Нарынқол» автомобиль жолының 20+150 шақырымында еріген қар суының салдарынан жолдың бір бөлігі шайылды. Бұл туралы «КазАвтоЖол» компаниясы хабарлап, жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.
Оқиға бүгін сағат 11:30 шамасында болған. Аталған учаске бұған дейін су басу қаупі бар аймақ ретінде тіркелмеген. Алайда су өткізу құбырының зақымдануы салдарынан ағын су жол жамылғысын бұзып кеткен.
Қазіргі уақытта көлік қозғалысы үшін уақытша айналма жол (топырақ жол) ұйымдастырылды. Оқиға орнына шамамен 20 арнайы техника жұмылдырылған. Қалпына келтіру жұмыстары еріген қар суы толық басылғаннан кейін басталады.

