STEPPENEWS.KZ: Қазақстан 2026 жылды көптеген салада айқын кадр жетіспеушілігімен бастады. Бос жұмыс орындарының саны артқанына қарамастан, көптеген компаниялар тіпті базалық лауазымдарды бірнеше ай бойы жаба алмай отыр. Ал тар бейінді, жоғары біліктілік талап етілетін салаларда жағдай тіпті ушыға түскен.
Qazaq Expert Club-тың HR-менеджмент жөніндегі сарапшысы Арман Шоқпаров бұл ахуалдың қалай қалыптасқанын және мәселенің тереңдей түсуіне жол бермеу үшін не істеу керегін түсіндірді.
«Вакансияларды уақтылы жаба алмау — компания басшылары үшін күнделікті қиындыққа айналды. Әсіресе нақты бір салада тәжірибесі бар, ұсынылған жалақыға келісіп жұмыс істеуге дайын маман қажет болғанда. Нәтижесінде кейбір бос орындар айлар бойы ашық күйінде қалады».
Сарапшының айтуынша, басты мәселе — жұмыс берушілердің күтілімі мен үміткерлердің нақты мүмкіндіктерінің сәйкес келмеуі. Бұл жағдай жыл басында ерекше байқалады: компаниялар кадрлық жоспар құрып жатқанда, еңбек нарығында маусымдық бәсеңдік орын алады.
Жұмыс берушілер тарапында не болып жатыр?
Көптеген жұмыс берушілердің талаптары шамадан тыс жоғары. Кейде вакансия сипаттамасы нақты маманға емес, «мінсіз қызметкерге» арналғандай әсер қалдырады. Үміткерден мінсіз тәжірибе, табысты жобалар, жоғары белсенділік талап етіледі, алайда жалақы мөлшері бірнеше жыл бұрынғы деңгейде қалады.
Қосымша себептер қатарында:
- жалақы қорларының 3–4 жылдан бері қайта қаралмауы;
- HR-брендтің әлсіздігі — кей компаниялар үміткерлер өздері-ақ бізді бағалауы тиіс деп ойлайды;
- еңбек нарығындағы нақты жағдай мен компания ішіндегі талаптардың алшақтығы.
Үміткерлер жағында қандай мәселе бар?
Алайда жұмыс іздеушілер де нарық талабына толық бейімделіп отырған жоқ. Көптеген мамандар технологиялар мен кәсіби талаптардың өзгеру қарқынына ілесе алмай келеді. Қазіргі таңда бір ғана жоғары білімге сүйеніп, біліктілікті тұрақты арттырмай жұмыс істеу жеткіліксіз.
Негізгі түйткілдер мыналар:
- мобильділіктің төмендігі — басқа өңірге көшуге дайын еместік;
- жалақы бойынша жоғары күтім — 2024–2025 жылдары жалақы талаптарының 30–50 пайызға өсуі қалыпты жағдайға айналды;
- жаңа корпоративтік ережелерге бейімделудің әлсіздігі.
Сонымен қатар, еңбек нарығына жаңа буын — зуммерлердің біртіндеп келуі де жағдайды күрделендіріп отыр.
Зуммерлер — еңбек нарығындағы жаңа сын
Олардың құндылықтары, жұмыс қарқыны, күтімі мен қарым-қатынас стилі аға буынға тән корпоративтік әдеттерден айтарлықтай өзгеше. Бұл айырмашылық кадрлық алшақтықты күшейтуде: компаниялар зуммерлерге бейімделіп үлгермесе, зуммерлер корпоративтік мәдениетке толық сіңісе алмай жатыр.
Кадр дағдарысын қалай тоқтатуға болады?
Арман Шоқпаровтың пікірінше, мынадай нақты қадамдар қажет:
- Еңбекақы және өтемақы жүйесін қайта қарау — онсыз мамандар үшін бәсекеге түсу мүмкін емес.
- Қызметкерлерді оқыту мен дамытуға инвестиция салу — компания ішінде де, жалпы еңбек нарығы деңгейінде де.
- Жұмыс беруші брендингін күшейтіп, жаңа буын мамандарға бейімделген жұмыс үдерістерін енгізу.
2026 жыл Қазақстанның еңбек нарығы үшін бетбұрыс кезеңіне айналып отыр. Бос жұмыс орындары көп, алайда лайықты маман табу барған сайын қиындап келеді. Егер жұмыс берушілер мен мамандар өзара күтімдерін жақындатпаса, кадр тапшылығы ұлғая береді. Бұл өз кезегінде ел экономикасының дамуына елеулі кедергі болуы мүмкін.

