STEPPENEWS.KZ: Қазақстан 2026 жылға инфляциялық қысыммен қадам басқалы отыр. 2025 жылы елдегі инфляция деңгейі 12,3 % жетіп, 2024 жылғы 8,6 % салыстырғанда едәуір өсті. Бұл келер жылға экономикалық тұрғыда күрделі база қалыптастырды.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина инфляцияның алдағы динамикасы бағаны өсіретін және оны тежеуге бағытталған факторлардың ара салмағына байланысты болатынын айтады.
Сарапшының сөзінше, Қазақстан экономикасы әлемдік нарықтарға тәуелді. Азық-түлік, энергия ресурстары мен логистика саласындағы кез келген сыртқы өзгеріс ішкі бағаларға бірден әсер етеді.
Инфляцияны үдетіп отырған негізгі факторлар:
- Экспорттық түсімнің азаюы. 2025 жылдың қаңтар–қазан айларында сыртқы сауда айналымы 116,3 млрд АҚШ долларын құрап, экспорт көлемі 4,6 % қысқарған. Ал импорт 4,7 пайызға өскен.
- Теңгенің әлсіреуі. 2025 жылы валюта бағамы құбылып, доллар қыркүйек айының соңында шамамен 550 теңгеге дейін жетті. Бұл 2024 жылғы ең жоғары көрсеткіштен асып түсті.
- Капиталдың сыртқа ағуы. 2025 жылдың екінші тоқсанында қаржы шоты бойынша капиталдың таза кетуі 1,7 млрд долларды құрады. Оның ішінде тікелей инвестициялар бойынша отток – 1,1 млрд доллар.
Бұл факторлар валюталық нарықта тұрақты қысым қалыптастырып отыр: экспорт азайып, импорт пен капитал кетуі күшейген сайын теңгеге деген сұраныс артады.
Сонымен қатар, инфляцияны тежейтін факторлар да бар. Олардың қатарында Ұлттық Банктің қатаң ақша-несие саясаты, 18 % базалық мөлшерлеме, жаһандық инфляцияның баяулауы және логистикалық тізбектердің тұрақтануы аталады. Венера Жаналинаның айтуынша, 2026 жылы базалық мөлшерлемені көтеру ықтималдығы шектеулі және тек ірі сыртқы немесе ішкі күйзеліс болған жағдайда ғана мүмкін.

