Kozybayev University-де «Солтүстік Қазақстан Алтын Орданың далалық коммуникациялар жүйесінде» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Жиынға Қазақстан, Ресей, АҚШ және Түркиядан ғалымдар, археологтар, тарихшылар, деректанушылар және жас зерттеушілер қатысты деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шарада Солтүстік Қазақстан аумағының Алтын Орда кезеңіндегі саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстар жүйесіндегі орны талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы ұлысының мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеудің маңызын бірнеше рет атап өткен. Осыған байланысты өңірдің тарихи нысандары мен көне коммуникациялық бағыттарын зерттеу жұмыстары өзекті болып отыр.
Дөңгелек үстелді аша отырып, Kozybayev University Басқарма төрағасы – ректор Ербол Исакаев:
«Орта ғасырларда біздің аумағымыз арқылы Еуразияның түрлі бөліктерін байланыстыратын жолдар өткен, мәдениеттер өзара ықпалдасып, әртүрлі мүдделер тоғысқан. Сондықтан тарихи коммуникацияларды зерттеу Солтүстік Қазақстанды шеткері аумақ ретінде емес, Еуразияның кейінгі тарихына ықпал еткен үдерістер қалыптасқан үлкен кеңістіктің бір бөлігі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Өңірдің Алтын Орда дәуіріндегі тарихын зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды археологиялық нысандардың бірі – Қызылоба кесенесі. Ол 2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының Қаратал ауылы маңындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған.
Қызылоба кесенесі Алтын Орда кезеңіне жататын бірегей археологиялық ескерткіштердің бірі саналады. Нысанды Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Археологиялық зерттеулер институтының ғалымдары Kozybayev University мамандарымен бірге зерттеген.
Дөңгелек үстелде Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Ақ-Ирий көне қалашығында жүргізіліп жатқан зерттеулер де таныстырылды. Бұл бағытта Kozybayev University профессоры Анатолий Плешаков 20 жылдан астам уақыт бойы Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясына жетекшілік етіп келеді.
«Биыл қалашықтан табылған жәдігерлерге – сүйектер мен ағаш көміріне радиокөміртектік талдау жүргізудің нәтижесін алдық. Сараптама Литваның Вильнюс қаласындағы мерзімін анықтау зертханасында жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде бұл нысандардың Алтын Орда кезеңіне жататыны анықталды», – деді Анатолий Плешаков.
Ақ-Ирий қалашығындағы негізгі археологиялық олжалардың қатарында металл балқытуға арналған пештердің конструкциялары бар. Сонымен қатар археологтар ет сақтауға арналған ыстайтын орындарды да анықтаған.
Жиында логистикалық бағыттардың тарихи сабақтастығы, Алтын Орда дәуіріндегі жазба деректер, Солтүстік Қазақстанның тарихнамасы, Қызылжар өңірінің өткені және археологиялық зерттеулер мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ Алтын Ордадағы билік пен әулеттік саясат жүйесіндегі әйелдердің рөліне қатысты зерттеулер ұсынылды.
Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбитов 1225-1359 жылдар аралығындағы Алтын Орданың әкімшілік-аумақтық бөлінісі туралы баяндама жасады.
Ал University of Arizona профессоры, экологиялық археология және дендроклиматология саласының маманы Ирина Панюшкина әскери елшінің Бетпақдала шөлін кесіп өтуіне қатысты археологиялық зерттеулердің нәтижелерімен бөлісті.
Дөңгелек үстелде археология, тарихи география, архив ісі, тарихнама және жаратылыстану ғылымдары бағытындағы зерттеулер таныстырылды.
Ғалымдардың пікір алмасуы Жошы ұлысының мұрасын және Солтүстік Қазақстанның Алтын Орда дәуіріндегі далалық коммуникациялар жүйесіндегі орнын кешенді зерттеуге бағытталған ғылыми жұмыстарды дамытуға мүмкіндік береді.
Келесі материал: Қазақстан стоматологиясында жасанды интеллект: тіс емдеудегі цифрлық технологиялар қалай жұмыс істейді?
