STEPPENEWS.KZ: Freedom Bank Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты елге уақытылы қайта алмай жатқан клиенттеріне күн сайын қаржылай қолдау көрсететінін хабарлады. Бұл көмек Freedom Travel сервистері арқылы «бару-қайту» бағытында әуе билеттерін немесе туристік пакеттерді рәсімдеген азаматтарға арналған.
Банктің баспасөз қызметі мәлімдегендей, 8 наурызға дейін (қоса алғанда) аймақта мәжбүрлі түрде болған әр күн үшін материалдық қолдау есептеледі. Нақтырақ айтқанда, әрбір ересек адамға тәулігіне 35 000 теңге, ал әр балаға 15 000 теңге көлемінде қаражат аударылады. Сондай-ақ байланыссыз қалмау үшін әрбір пайдаланушыға 15 күнге жарамды 5 ГБ интернеті бар тегін eSIM қызметі ұсынылады. Бұл қызметті Freedom SuperApp қосымшасы арқылы белсендіруге болады.
Отандастарымызға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерімен тұрақты байланыста болу және жергілікті билік органдарының ресми нұсқауларын орындау ұсынылады. Қазіргі таңда банк өз клиенттерінің жағдайын бақылауда ұстап, қиын сәтте жан-жақты көмек көрсетуді жалғастыруда.

