STEPPENEWS.KZ: Елімізде өтіп жатқан жалпыхалықтық референдумның алғашқы сағаттарында екі миллионнан астам азамат дауыс беріп үлгерді. Орталық сайлау комиссиясының сағат 10:00-дегі мәліметінше, республика бойынша сайлаушылардың келу көрсеткіші 19,21% құрады.
Таңғы сағат онға дейінгі уақыт аралығында Қазақстанның 2 393 844 азаматы өз таңдауын жасады. Қазіргі сәтте өңірлер арасында Қарағанды және Қызылорда облыстарының тұрғындары ерекше қарқын көрсетіп отыр. Атап айтқанда, Қарағанды облысында сайлаушылардың 26,64 % , ал Қызылорда облысында 24,02% учаскелерге келіп, азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Еліміздің басқа аймақтарында да дауыс беру процесі қызу жүріп жатыр. Ақтөбе, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Шымкент пен Астана қалаларында келу көрсеткіші 20% асып жығылды. Абай, Ақмола, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында халықтың қатысу деңгейі 17-ден 21% дейінгі аралықты көрсетуде. Павлодар облысында сайлаушылардың 16,36% дауыс берсе, Алматы қаласында бұл көрсеткіш әзірге 9,54% деңгейінде тұр.

