STEPPENEWS.KZ: ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидзе мырзамен кездесті. Кездесуде тараптар туризм және спорт салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Министр туризм саласы екі ел арасындағы серіктестіктің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Соңғы жылдары Грузия қазақстандық туристер арасында танымал бағытқа айналса, Қазақстан да грузиялық саяхатшылар үшін қызығушылық тудырып отыр. Қазақстан шетелдік туристерге мәдени-танымдық, этнографиялық және экологиялық туризм бағыттары бойынша кең мүмкіндіктер ұсынады.
Екі ел арасындағы туристік ағынның артуына әуе қатынасының дамуы мен визасыз режим оң әсерін тигізіп отыр. Туристік маусымда Қазақстан қалалары мен Грузияның Тбилиси, Батуми және Кутаиси қалалары арасында тікелей әуе рейстері жүзеге асырылады.
Тараптар спорт саласындағы ынтымақтастықтың да жоғары деңгейде екенін атап өтті. Қазіргі таңда екі ел арасында спортшылар мен жаттықтырушылардың тәжірибе алмасуы, бірлескен оқу-жаттығу жиындары және халықаралық жарыстарға қатысу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.
Грузия спортшылары Қазақстанда өтетін ірі халықаралық спорттық іс-шараларға тұрақты түрде қатысып келеді. Кездесу қорытындысында тараптар спорт саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін білдірді.

