STEPPENEWS.KZ: Аймақтағы әскери ахуалдың ушығуына байланысты Біріккен Араб Әмірліктерінде бөгеліп қалған қазақстандықтардың алғашқы тобы Отанына жетті. 3 наурызға қараған түні Алматы мен Астана әуежайларына арнайы ұйымдастырылған рейстер келіп қонды.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, Дубай қаласынан жолаушыларды тасымалдау үшін FlyDubai әуе компаниясының екі бірдей борты бөлінген. Атап айтқанда, FZ1533 рейсі Алматыға, ал FZ1395 рейсі Астанаға бағытталды. Әр ұшақ 170 жолаушыға есептелген.
Сонымен қатар қазіргі уақытта Сауд Арабиясындағы қазақстандықтарды да елге қайтару жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бүгінде бұл елде 2 мыңнан астам отандасымыз жүр, олардың 1300-ге жуығы Рамазан айында қажылық пен ұмра құлшылығын өтеуге барғандар. Мекке мен Медина қалаларындағы бұл азаматтардан бөлек, Сауд Арабиясында тұрақты тұратын, білім алатын немесе кәсіппен айналысатын тағы 700-ден астам қазақстандық бар. Ресми органдар Таяу Шығыстағы қауіпті аймақтардың әуе кеңістігі жабылуына байланысты барлық азаматтарды қауіпсіз бағыттар арқылы тасымалдауды бақылауда ұстап отыр.

