Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының екінші кезеңінде жартылай финалдық кездесулер мәресіне жетті. Тартысты жекпе-жектердің нәтижесінде Қазақстан ұлттық құрамасының бес бірдей өкілі халықаралық турнирдің шешуші кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетіне сілтеме жасап.
Шаршы алаңдағы бәсекеде отандық былғары қолғап шеберлері жоғары дайындықтарын көрсетті. Атап айтқанда, 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Санжар Тәшкенбай жартылай финалда Мартин Сальвадорды қапы қалдырды. Ал 54 келідегі тәжірибелі спортшы Назым Қызайбай тайландтық Натничи Чонгпронглангтан басым түсті.
Әйелдер боксынан 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Виктория Графеева өзбекстандық Ситора Турдибекованы жеңіп, финалға табан тіреді. Сондай-ақ, ерлер арасында Абылайхан Жүсіпов (70 келіге дейін) иорданиялық мықты қарсылас Зейяд Ишаишті ұтса, аса ауыр салмақтағы (+90 келі) Айбек Оралбай бразилиялық Жоэль Рамосты жарыс жолынан шығарып, финалға өтті.
Өкінішке қарай, құраманың үш спортшысы жартылай финалда есе жіберді. Аида Әбікеева (65 келіге дейін), Валерия Аксенова (80 келіге дейін) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) қарсыластарына жол беріп, турнирдің қола медалін қанағат тұтты.
Айта кетейік, Әлем кубогының бас жүлдесі сарапқа салынатын финалдық жекпе-жектер ертең, 21 маусым күні өтеді.
