STEPPENEWS.KZ: 11 наурызда елордада соққан қатты желдің салдарынан 2015 жылы қолданысқа берілген «Айка» тұрғын үй кешенінің қасбеті бүлініп, жылу ұстағыш қабаты (утеплитель) опырылып түсті. Әлеуметтік желіде тараған кадрлардан ғимарат қабырғасының бір бөлігі ашылып қалғанын көруге болады.
Әкімдіктің ресми мәліметінше, оқыс оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта үйді басқарушы компания жөндеу жұмыстарының шығынын есептеп жатыр. Қасбетті қалпына келтіру үшін арнайы өндірістік альпинистерді тарту мәселесі қарастырылуда.
Сондай-ақ билік өкілдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес, үйдің ортақ мүлкін, оның ішінде қасбетті күтіп ұстау мен жөндеу тікелей пәтер иелерінің жауапкершілігі екенін тағы бір мәрте еске салды. Сондықтан жөндеу жұмыстары тұрғындар есебінен немесе үйдің жинақталған қаражаты арқылы жүргізілуі тиіс.

