STEPPENEWS.KZ: Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында жоғалып кеткен 10 жасар Мансұр Саматовты іздестіру жұмыстары жалғасуда. Құтқару шаралары Сарыжар ауылынан бес шақырым жердегі Елек өзенінің бойында жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, іздестіру жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жүруде.
Қазіргі уақытта үш сүңгуір акваторияның 550 метрге жуық аумағын тексеріп, су астына 23 рет түсті. Сонымен қатар, бес қайықтың көмегімен оқиға орнынан Саржансай ауылына дейінгі өзеннің 45 шақырымдық бөлігі қарап шығылды. Жағалау бойымен 22 шақырымға жуық аумақта жаяу іздестіру шаралары да қатар жүріп жатыр.
Құтқару операциясына ТЖД мамандары, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, еріктілер мен ауыл тұрғындарынан құралған 90-ға жуық адам қатысуда. Іздестіруге 30-дан астам техника, алты дрон, жеті қайық және «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды.

