STEPPENEWS.KZ: Алматыда Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтары үшін мазмұнды да көңілді мәдени-ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады. Мерекелік іс-шаралар қаланың басты алаңдары мен мәдени орындарында өтеді.
26 желтоқсан күні сағат 19:00-де Абай алаңында «Алматы әуендері» шығармашылық ұжымы «Кел, Жаңа жыл!» атты мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынады. Кеш барысында отандық эстраданың танымал орындаушылары — Дәлел Уәшев, Өктем Алтаев, Димаш Дәулетов, Тахмина Әшімбекова, «Музарт life» тобы, Ерік Төленов, Асхат Тарғын, Лара Рысбай, DARO, Інжу Әнуарбек, Ғарифа Игісінова, Бейбітгүл Нұрымхожина және Абик Жексен көпшілікке сүйікті әндерін орындайды. Бағдарлама барлық жастағы көрерменге арналған.
27–28 желтоқсан күндері сағат 18:30-дан 20:00-ге дейін Абай алаңында жаңа жылдық гала-концерт өтеді. Мерекелік кеште ұлттық өнер мен заманауи музыканың үйлесімін ұсынатын ерекше бағдарлама көрермен назарына ұсынылады. Сахнада:
- «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артистері,
- Тоқтар мен Бейбіт,
- «Меломан» тобы,
- Қуандық Рахым,
- «Ұлытау» тобы,
- Қосқанат пен Гаухар,
- «КешYOU» тобы,
- Ұланғасыр Қами,
- Әсет Есжан өнер көрсетеді.
Бұл кеш отбасы мен достардың ортасында Жаңа жылды жарқын көңіл-күймен қарсы алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ 27–28 желтоқсан күндері сағат 12:00-ден 22:00-ге дейін Панфилов көшесінде «Панфиловтағы Жаңа жыл» фестивалінің негізгі кезеңі өтеді. Фестиваль аясында үш метрлік марионеткалар, актерлер мен заманауи жарық эффектілерінің қатысуымен иммерсивті театрландырылған қойылым көрсетіледі. Арнайы жазылған алматылық жаңа ертегіге негізделген бұл қойылым көрермендерді кейіпкерлермен бірге оқиғаның бір бөлігі болуға шақырады.
Фестиваль аумағында қалалық snow-park жұмыс істеп, көрсетілімдік сырғанаулар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Сондай-ақ жас музыканттар арасында байқау өтіп, «Эко-шырша» байқауының жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
31 желтоқсан күні Астана алаңында сағат 18:00-ден түнгі 00:30-ға дейін басты жаңа жылдық концерт өтеді. Кеш барысында Мақпал Исабекова, Әлішер Каримов, Ақылбек Жеменей, Бейбіт Қорған, Ringo тобы, Ninety One тобы, Ayree, Astra тобы, Dakelot, Дәулет Жанболат сынды танымал өнерпаздар сахнаға шығады.
Концерт бағдарламасының ерекше бөлігі — DJ BATTLE. Батл кезінде диджейлер жаңа жылдық әуендер мен танымал хиттерді заманауи өңдеуде ұсынып, кешке ерекше серпін береді.
Қазақ мемлекеттік циркінде 11 қаңтарға дейін «CHRISTMAS STARS» атты жаңа жылдық шоу-премьера көрерменге жол тартады. Мейірім мен ғажайыпқа толы бұл қойылым біртұтас сюжетке құрылған. Бағдарламада экзотикалық құстар мен жануарлар — тотықұстар, шимпанзелер, үйретілген аттар, шағын тұқымды иттер және көрермендердің сүйіктісі аюқызы Яна өнер көрсетеді.
Ал 29 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында Мемлекеттік қуыршақ театрында «Мульти Жаңа жыл» атты мерекелік ойын-сауық бағдарламасы өтеді. Балалар түрлі ғаламдарға саяхат жасап, Лило мен Стич, Эш пен Пикачу, Кики мен Наруто сынды танымал кейіпкерлермен кездесіп, Аяз Атаның көмегімен Қуыршақтар еліне аттанады.
Сонымен қатар, қаланың сегіз ауданында арнайы безендірілген алаңдарда күн сайын Аяз Ата мен ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен концерттер, ойын-сауық бағдарламалары және интерактивті ойындар ұйымдастырылады.
Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтарын Жаңа жыл мерекесін бірге қарсы алып, мерекелік көңіл-күйге бөленуге шақырады.

