STEPPENEWS.KZ: 2025 жылғы 18 желтоқсанда Алматы қаласының барлық сегіз ауданында жаңа жылдық шыршалардың шамы бір мезетте жағылды. Негізгі мерекелік іс-шара Абай алаңында, Республика сарайының алдында өтті.
Бұл алаңда биіктігі 22 метр болатын қаланың бас шыршасы орнатылды. Салтанатты рәсімге Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, сондай-ақ жүздеген қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Қаланың басты шыршасын безендіруге 7 шақырымнан астам жаңа жылдық гирляндалар, ірі және шағын шырша ойыншықтары, тақырыптық сәндік элементтер мен жарық инсталляциялары қолданылды.
Мерекелік кеш барысында көрермендерге заманауи мультимедиялық технологиялармен, ауқымды жарық безендірумен және отандық эстрада жұлдыздарының өнерімен үйлескен мазмұнды шоу-бағдарлама ұсынылды.
Бас шыршаның шамы жағылар алдында Республика сарайының қасбетінде екі минуттық лазерлік шоу көрсетілді. Ғимарат бетінде Алматының өзіндік болмысын айқындайтын кең ауқымды жарық кескіндемелері бейнеленді. Көрнекі композицияларда таулар, бүркіт бейнесі және жаңа жылдық символдар қолданылып, оларды қар ұшқындары, нәзік жарық өрнектері мен динамикалық сәулелер толықтырды.
Жарық шоуын сахналық фейерверк әсемдей түсіп, мерекелік көңіл күйді одан әрі күшейтті.
Сондай-ақ көрермендерге шоу-балет артистері мен мәнерлеп сырғанаушылардың қатысуымен дайындалған «Кел, Жаңа жыл!» вокалды-хореографиялық композициясы ұсынылды. Сахнада Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаева, Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, «KeshYOU», «Жігіттер», «Astra» топтары, сондай-ақ Балжан Бидаш пен Kodi өнер көрсетті.

Жаңа жылдық шыршалардың шамын жағу салтанатты рәсімдері Алматының барлық сегіз ауданында өтті. Мерекелік алаңдар мына мекенжайларда орналасқан:
- Жетісу ауданы — «Гүлдер» саябағы (Серіков көш., 2А)
- Бостандық ауданы — «Атакент» ҚІЫО
- Әуезов ауданы — Family Park
- Медеу ауданы — 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ
- Алатау ауданы — «Алматы Арена» спорт кешені
- Наурызбай ауданы — Шұғыла шағынауданы, 347 (амфитеатр)
- Түрксіб ауданы — №6 Оқушылар үйі (Сейфуллин көш., 13/1)
- Алмалы ауданы — Абай атындағы ҚазҰТОБ

