26–31 тамыз аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайындаFIBA Азия кубогы-2029 турнирінің алдын ала іріктеу кезеңінің бірінші раундындағы В тобының матчтары өтеді деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Қазақстан жаңартылған іріктеу жүйесі бойынша 2029 жылғы Азия кубогына жолдама сарапқа салынатын бастапқы кезең ойындарын алғаш рет қабылдап отыр. Жарыс Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады.
Алматы осы кезеңнің матчтарын қабылдайтын Орталық Азиядағы жалғыз қала болады. Бірінші раундтың басқа кездесулері Дубайда, Серембанда және Ұлан-Батырда өтеді. Алдын ала іріктеуге төрт топқа бөлінген 18 ұлттық құрама қатысады.
Қазақстан құрамасы өз тобында Палестина, Шри-Ланка, Мальдив аралдары және Қырғызстан командаларымен кездеседі. Ойындар айналмалы жүйе бойынша өтеді. Топта үздік нәтиже көрсеткен үш құрама алдын ала іріктеудің екінші раундына жолдама алады.
Қазақстан құрамасы барлық топтық кездесуін өз алаңында өткізіп, жанкүйерлерінің қолдауына ие болады.
Екінші раундтың қорытындысы бойынша FIBA Азия кубогы-2029 турнирінің негізгі іріктеу кезеңінде ойнайтын командалар анықталады. Оларға 2025 жылы Жиддада өткен Азия кубогының финалдық кезеңіне қатысқан 16 құрама қосылады.
Қазақстан ұлттық құрамасы 1992 жылдан бері құрлықтық жарыстарға қатысып келеді. Команданың ең жоғары нәтижесі – 2007 жылғы Азия чемпионатындағы төртінші орын. Сол турнирде қазақстандық баскетболшылар жартылай финалға дейін жеткен.
Алдыңғы іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Үндістан мен Катарды жеңгенімен, 2025 жылғы Азия кубогының финалдық кезеңіне өте алмады.
Алматыда халықаралық деңгейдегі матчтардың ұйымдастырылуы қаланың баскетболды дамыту бағытындағы бастамаларының жалғасы саналады. Бұған дейін қалада Орталық Азия баскетбол қауымдастығы Үйлестіру кеңесінің отырысы өткен.
Турнир жас спортшылар мен студенттерге халықаралық деңгейдегі баскетбол бәсекесін тікелей тамашалауға мүмкіндік береді. Қазақстанда алты өңірдің жас баскетболшыларын қамтитын NBA Kazakhstan бағдарламасы және Ұлттық студенттік баскетбол лигасы жұмыс істейді.
