STEPPENEWS.KZ: Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында қазақ өнерінің абызы, аңызға айналған актер Асанәлі Әшімовті соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті.

Қоштасу жиынына марқұмның туған-туыстары мен жақындары, өнердегі әріптестері, сондай-ақ оның шығармашылығын қадір тұтқан мыңдаған азамат жиналды. Жиналған жұрт қазақ өнерінің ірі тұлғасымен қоштасып, құрмет көрсетті.
Рәсімге Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жолданған көңіл айту жеделхатын оқып, бұл ауыр қаза барша ел үшін ортақ қайғы екенін атап өтті.
Президенттің көңіл айтуында Асанәлі Әшімовтің театр мен кино өнеріне саналы ғұмырын арнағаны, ұлттық мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқаны айтылды. Ол сахна мен экранда жарқын образдар жасап, көрерменнің зор ықыласы мен құрметіне ие болды. Сондай-ақ жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына елеулі еңбек сіңіргені ерекше аталды. Хас шебердің жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталатыны айтылды.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды да Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуін орны толмас қаза деп бағалады. Оның айтуынша, марқұм тірі кезінде елдің қоғамдық-мәдени өміріне белсенді араласып, әрбір кездесуде терең ой мен рухани мән қалыптастыра білді.
«Асанәлі Әшімов театр мен кино өнерінің көрнекті өкілі ғана емес, ұлттық руханияттың символына айналған тұлға болды. Ол қазақ мәдениетінің дамуына бар ғұмырын арнап, өнер арқылы халықтың болмысы мен тарихын биік деңгейге көтерді. Талай шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнерде өзіндік мектеп қалыптастырды. Оның бай шығармашылық мұрасы бүгінгі және келер ұрпақ үшін мәңгілік рухани бағдар болып қала береді», — деді қала әкімі.

Айта кетейік, кино және театр өнерінің көрнекті өкілі, қазақ сахнасының символдарының бірі Асанәлі Әшімов 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Оның есімі мен шығармашылық мұрасы ұлттық мәдениет тарихында мәңгілікке сақталады.

